Футбол. Қазақстанда жаңа маусым айқай-шумен басталды

17 Наурыз 2021, 14:33
1805
Бөлісу:
Футбол. Қазақстанда жаңа маусым айқай-шумен басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан премьер-лигасының бірінші туры қызыққа толы болды. Төреші мен футболшы арасындағы төбелеске де, жаңбырға толы стадиондағы ойынға да куә болдық. Ендеше жанкүйерлерді бей-жай қалдырмаған алғашқы турдың ойындарына тоқталып өтсек.

«Қайрат» (Алматы) – «Жетісу» (Талдықорған) – 2:0 Голдар: Косович, 69 (1:0). Әліқұлов, 72 (2:0).

Алаңнан қуылды: Поляков, 49

Ел чемпионы «Қайрат» өз алаңында «Жетісу» командасын қабылдады. Талдықорғаннан келген ұжым былтырғы жылмен салыстырғанда құрамы толықтай жаңарды. Бас бапкері ауысты. Бұрын-соңды мұндай деңгейде жұмыс істеп көрмеген, тәжірибесі жоқ маманға сенім артылды. «Қайрат» ойыншылары қарсыластың шама-шарқын бағамдағаны айқын. Бәлкім, алаң иелері қалпақпен ұрып аламыз деді ме, ұзақ уақыт жүріп алды. Ойынның 70-минутына дейін есеп ашылмады. Екінші таймның басында Денис Поляков алаңнан қуылды. 

Дегенмен Алматы командасы ойыншыларының деңгейі жоғары. 

Черногориялық легионер Косович пен қырғыз Гүлжігіт Әліқұлов жеке шеберліктерін паш етіп, «Қайраттың» маусымды жеңіспен бастауларына өз үлестерін қосты.

 Өте маңызды жеңіс. Бірақ оңайшылықпен келмеді. Біріншіден, маусымның басы. Әлі де қобалжулар бар. Оның үстіне, біріншілікті чемпион ретінде бастап отырмыз. Бұл жауапкершілікті екі есе арттырады. Ауа райы да қолайсыз болды. Бір футболшымыз алаңнан қуылатын абсурд әлі жалғасып жатыр. Неліктен біздің матчқа Нұр-Сұлтанның төрешілерін қоятынын түсінбеймін? Шушеначевқа қарсылас командасының ойыншысы әдейілеп тұрып аяғын салды. Соның салдарынан өте маңызды футболшымыз жарақат алды. Бірақ төреші оны алаңнан қумады. Мұндай жағдайлар ойынға қатты әсер етеді. Менің жігіттерім мінез танытып, жеңісті жұлып алды, – деп «Қайрат» бапкері Алексей Шпилевский ойыннан кейін өз ренішін білдірді.

«Тұран» (Түркістан) – «Астана» (Нұр-Сұлтан) – 2:2 Голдар: Томасов, 9 (0:1). Нөсербаев, 18 (1:1).Бейсебеков, 54 (1:2). Төлебек, 68 (2:2).

Түркістандағы стадионға қатысты жағдайға арнайы тоқталдық. Сондықтан ондай жағдайда ойынға баға беру қиын. Тек алаң иелері премьер-лигадағы алғашқы ойындарында еліміздің алты дүркін чемпиондарынан бір ұпай еншілегендеріне қуанған болар. 

Матчта есте қалған қызықтардың бірі «Астананың» жаңа капитаны Абзал Бейсбековтің Рональдиньюдің стилінде бұрыштама добынан кейін өкшесімен соққан голы болар. 

Келесі күні Түркістаннан 170 шақырым қашықтықта орналасқан Шымкент қаласындағы ауа райының қолайсыздығы «Ордабасы» мен «Қызыл-Жар» кездесуінің кейінге қалуына әсер етті. 

«Қайсар» (Қызылорда) – «Тараз» (Тараз) – 2:3 Голдар: Ахметов, 5 – автогол (0:1), Байжанов, 23 (0:2). Таубай, 25 (1:2). Жұмабек, 36 (2:2). Байтана, 45+1 (2:3).

Бірінші турдағы ең нәтижелі ойын Қызылордада тіркелді. Алаң иелері «Қайсар» мен «Тараз» кездесуі нағыз триллерге толы болды.

Бір айта кетерлігі, осы матчта «Тараз» негізгі құрамда 10 қазақ футболшысын шығарды. Соңғы рет ұлты қазақ 10 футболшының алаңға шығуы 95-жылдары «Намыс» командасында болса керек. Оның сегізі жергілікті мектептің түлегі.

Жалпы ойын драмаға толы болды. Алдымен былтыр «Қайсарда» ойнап, биыл туған жеріне оралған Елдос Ахметов өз қақпасына гол соғып алды. Одан кейін Қызылорда футболының мақтанышы Мақсат Байжанов есепті 2:0-ге жеткізген. 

Бірақ Вардан Минасян жаттықтыратын «Тараз» қарап қалмады. Таразы басын теңестіріп қоймай, жеңісті жұлып әкетті. Бұл өлкеде тағы бір талантты футболшы өсіп келе жатқан секілді. Оның есімі Абылайхан Жұмабек. 19 жастағы футболшы осы матчта ерекше көзге түскендердің бірі.

Ойын біз күткендей қиын өтті. Алғашқы матч болғандықтан психологиялық қысым болатыны түсінікті. Сол себепті бірінші таймның жартысына дейін ойыншылардың толқынысы басылмады. Бірақ кейіннен бәрі өз орнына келді. Маған бірінші тайм қатты ұнады. Екі гол жіберіп алсақ та, өз ойынымызды таба білдік. Екінші кезеңде осы есепті ұстап тұру үшін қорғанысқа көп мән бердік. Сондай сәттердің бірінде «Қайсар» таразы басын теңестіріп кетуге шақ қалды. Әйтеуір жеңісті усымызда ұстап қала алдық. Футболда маңыздысы - қорытынды нәтиже. Біз өз қателіктерімізді білеміз. Енді сол бойынша жұмыс істейміз, – деді «Тараз» бапкері Вардан Минасян.

«Тобыл» (Қостанай) – «Ақжайық» (Орал) – 2:0 Голдар: Нұрғалиев, 30 (1:0). Тағыберген, 75 (2:0).

Қостанайдағы манежде «Тобыл» мен «Ақжайық» кездескен. Бір қызығы, Орал командасы тек қорғаныста жатқаннан басқа түк бітірмеді. Әрине алаң иелерінің деңгейі жоғары. Алайда Украинадан бапкер шақырып, командаға легионерлер алып, осылай ойнаса, одан не пайда? Негізгі құрамда 6 ресейлік, 3 украиналық футболшы болды. Оның үшеуінің жасы 30-дан асып кеткен. Мысалы бірінші гол соғылғанда, қорғаныста 8 футболшы жүрді. Соған қарамастан Азат Нұрғалиев есепті ашты. 

Бірінші турда «Ақжайықпен» салыстырғанда негізгі құрамдағы легионерлерінің саны аз командалар бұлай ойнаған жоқ. Маусым соңында тағы да бірінші лигаға түсіп қалмауды ойламаса, батыс командасы басшысы осы бастан ойлану керек-ау?!

«Атырау» (Атырау) – «Шахтер»(Қарағанды) – 0:1 Гол: Балашов, 14 (0:1).

Осы турдағы шулы оқиғалардың бірі Атырауда орын алды. Жергілікті команда «Атырау» өз алаңында Қарағандыдан келген «Шахтерді» қабылдаған. Матч 1:0 есебімен «кеншілердің» пайдасына шешілді.

Бұл кездесуде барлығы ойыннан кейін орын алды. Бас төреші Арман Ісмұратов матч хаттамасына «Атырау» футболшысы Сәбит Тастанбек төрешіге физикалық күш көрсетті деп жазған. Бірақ кейіннен әлеуметтік желіде тараған видеода жағдайдың басқаша орын алғанын көруге болады. Дегенмен бұл жағдайға қатысты әлі де сұрақ көп. Нақты кімнің кінәлі екенін ҚФФ-ның төрешілер алқасына жауапты директоры Сергей Кенетаев анықтап, хабарын береміз деп отыр. Бұл іске қатысты барлық ақпарат жиналған. 

«Каспий» (Ақтау)– «Ақтөбе» (Ақтөбе)  –  1:1 Голдар: Сали, 52 (1:0). Федин, 61-пенальтиден (1:1).

Ақтауда «Каспий» мен «Ақтөбе» кездесті. Бұл ойын тең аяқталды. Матчтағы екі голда стандарттан соғылды. Алаң иелері сапынан Уаджди Сали айып соққысын сәтті орындаса, қонақтардан Максим Федин пенальтиден есепті теңестірді.

Стадиондары дайын емес, «Ақтөбе», «Шахтер», «Жетісу» командаларынан үш ұпай алынды.

Өзгелердің жаңалығы