Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы «Аналар үйіне» қайырымдылық іс-шарасы өтті. Акция аясында «Корея достары» («Friends of Korea») тобының атынан Корея Республикасының елшілігі қайырымдылық акциясын өткізді.
Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан екі «Аналар үйіне» 2000 АҚШ доллары сомасына тұрмыстық техника, электролиттер, шәйнектер, миксер және басқа да техникалар табысталды.
Салтанатты іс-шараға Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок мырза қатысып, іс-шараның мәні туралы айтып берді.
Бұл «Friends of Korea» тобы студенттерінің ұйымдастырған екінші іс-шарасы болып отыр. Былтыр елордада орналасқан мамандандырылған балалар үйінде болдық. Студенттерден құралған топтың осындай қайырымдылық акциясын ұйымдастырғандары үшін өте қуаныштымын. Бүгінгі іс-шара аясында Корея елшілігі «Friends of Korea» тобымен бірлесе отырып «Аналар үйіне» тұрмыстық техниканы сыйға тартып отыр. Бұл құрал-жабдықтар аналар үйінің әрі қарай дамуына өз септігін тигізеді деп үміттенеміз, - деп атап өтті дипломат өз сөзінде.
Ку Хонг-сок мырза пандемиямен күреске Корея Республикасы үкіметі Қазақстанға 800 мың АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткенін атап өтті. Сонымен қатар елшілік атынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қарттар үйіне, Балалар үйіне және басқа да әлеуметтік осал топтан шыққандарға тиісті көмек көрсетілді. Одан бөлек, медицина қызметкерлеріне де әлеуметтік көмек жіберілгеніне тоқталды.
Қоғамдық қордың тарихы жайында Анар Рахымбаева қонақтарды таныстырып, қайырымдылық көмек үшін алғысын білдірді.
Қор қатарынан 8 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеді. Қазіргі күні Қазақстан бойынша осындай 21 үйіміз бар. Осынау уақыт аралығында «Аналар үйінен» 5 000-ға жуық ана көмек алды. Бүгінгі күні балаларды балалар үйіне қалдырудың алдын алып отырмыз. Барлық үй коттедж үлгісінде. Жоғарғы қабатта жатын және балаларға арналған ойын бөлмелері бар. Біз психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетумен айналысамыз. Қажет болған жағдайда мекемеміз жәрдемақы тағайындауға құжаттар жинауға көмектеседі. Сонымен қатар үнемі қолдау көрсететін волонтерлеріміз де бар. Олар оқыту бағдарламаларымен айналысады. Кейін 6 ай уақыт өткеннен кейін аналарды жұмысқа орналастырамыз, - деді «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Анар Рахымбаева.
Ол сөз соңында қоғамда барлық баланың бақытты болуын тіледі.
Қайырымдылық іс-шарасына Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким де қатысты. Ол «Аналар үйінен»техниканы салтанатты табыстау рәсіміне қатысуға шақырту алғаны үшін Корея елшісіне алғысын білдірді.
Бұған дейін де аналар үйіне келгім келіп жүр еді. Орталық жұмысымен танысуға бүгін мүмкіндік туып отыр екен. Республикада орналасқан аналар үйін де аралаймыз. Мен Мәжіліс депутаты қана емес, сонымен қатар, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ төрағасымын. Сондықтан бүгінгі күні біздің желі де қайырымдылықпен айналысу үшін жастарды тартуға көп септігін тигізіп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ЖОО студенттері, түлектері, жастар айтарлықтай қайырымдылық акцияларына атсалысып жүр. Бұл - еріктілер жастардың қайырымды іске келуінің басты себепкерлері. Сол үшін алғысымды айтқым келеді, - деді депутат.
Вера Ким пандемия кезінде Корея елшілігі тарапынан Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсетілгенін атап көрсетті. Айтуынша, Корея елшілігі мен «Ұлттық еріктілер желісі» бірлесіп екі іс-шара өткізіп үлгерген.
Қайырымдылық акциясына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Назарбаев Университетінің студенттерінен тұратын «Friends of Korea» тобының мүшелері және Корея елшілігінің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, «Ана үйі» қоғамдық қоры 2013 жылы құрылған. Қайырымдылық қорының мақсаты - өз қызметін әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту. Сонымен бірге ананың баладан бас тартуын болдырмау және баланы қан отбасында сақтау мақсатын да көздейді. «Аналар үйі» жобасы балаларға анасымен бірге болуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда «Аналар үйі» аналардың елдегі жаңа туған балаларынан 68% бас тартуына жол бермейді.