Француз даму агенттігінің тобы Қазақстанда өз қызметін бастады

23 Қазан 2024, 16:31
375
Бөлісу:
Француз даму агенттігінің тобы Қазақстанда өз қызметін бастады
Фото: Үкімет

Мәжіліс Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Француз даму агенттігі тобының Қазақстан Республикасында жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды.

Құжат 2023 жылы 1 қарашада Астана қаласында жасалған. Келісім Француз Даму агенттігі тобының Қазақстанда жұмыс істеу қағидаларын айқындайды. Онда құқықтық, салықтық және қаржылық жағдайлар көзделеді.

Француз Даму агенттігі тобы қаражатты еуро, АҚШ доллары немесе кез келген басқа валютада, өзінің мәртебесіне сәйкес қаржылық немесе техникалық жәрдемдесудің кез келген нысанын ұсынуға, мемлекеттік немесе жеке құрылымдарға консультациялық қызметтер, техникалық жәрдемдесу және оқыту қызметтерін ұсынуға құқылы. Оның Қазақстанда өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құқық қабілеттілігі болады және шетелдік заңды тұлғалардың жеке меншігінде болуға тыйым салынған жерлерді қоспағанда, жылжымалы-жылжымайтын мүлікті иелене және оған билік ете алады, сондай-ақ сотқа жүгіне алады.

Келісім Француз Даму агенттігі тобын өз қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасында корпоративтік табыс салығын төлеуден (төлем көзінен ұсталатын салық төлеуді қоса алғанда) босатуды көздейді. Ол келісімде көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстанда өкілдік ашуға және ұстауға құқылы.

Француз Даму агенттігі тобы мен оның өкілдігі банк немесе басқа қаржы институты мәртебесіне ие болмайды, сондықтан жергілікті банктік ережелерге бағынбайды.

Өзгелердің жаңалығы