Сенат отырысында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келісім Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында 2023 жылдың 1 қарашасында Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының Үкіметтері арасында экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында қол қойылған.
Француз даму агенттігі – Франция үкіметінің дамушы елдерге орнықты даму мақсатында ресми көмек көрсететін ұйым.
Француз агенттігі Қаржы даму институты ретінде негізінен энергетика, көлік, коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады. Сондай-ақ, агенттік инфрақұрылымдық жобалар пулы, оның ішінде сумен жабдықтау, санитария немесе ирригация секторын қаржыландыруды қарастырады, - деді сенатор Бибігүл Жексенбай.
Одан бөлек, Француз даму агенттігі әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастыру және жобаларға грант бөлу және техникалық жәрдемдесу арқылы қолдайтын болады.
Қазіргі уақытта Француз даму агенттігі денсаулық сақтау саласында 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беру іс-шараларына 2,4 млн еуро грант ретінде бөлуді жоспарлап отыр. Техникалық жәрдемдесу шеңберінде Француз даму агенттігі Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр желілерін салу сияқты бірнеше жобаларды да қарастырып жатыр, - деді сенатор.