Францияның Эро департаментінде іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Монпелье қаласы маңында бір түнде 190 миллиметрге дейін жауын-шашын түсіп, жолдар мен көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Францияның жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасаған Le Parisien басылымының хабарлауынша, 73 жастағы әйел Могио коммунасы маңында жоғалып кеткен. Оны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Окситания аймағындағы Люнель коммунасында су тасқыны салдарынан 23 адам зардап шеккен.
Табиғи апат көлік қатынасына да әсер етті. Ним мен Галларг арасындағы A9 автомагистралі уақытша жабылып, бірнеше жолды су басқан.
Францияның Météo-France метеорологиялық қызметінің мәліметінше, 15 қарашаға қараған түні Монпелье маңында нөсер жаңбыр жауған. Монпелье-Фрежорг әуежайында 190 миллиметр жауын-шашын тіркелген. Оның 153 миллиметрі үш сағатта, ал 89 миллиметрі бір сағаттың ішінде түскен.
Өрт сөндіру және құтқару қызметтеріне 100-ден астам шақырту түскен. Көмекке көбіне су басқан жолдарда көліктерінде қамалып қалған жүргізушілер жүгінген.
Жексенбі күні таңертең Météo-France Эро, Гар және Буш-дю-Рон департаменттерінде нөсер жаңбыр мен су тасқынына байланысты жарияланған «қызғылт сары» деңгейдегі ескерту күшін жойды.