Алапат дауылдан зиян шеккен Майоттаны қалпына келтіруге 2 жыл қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Өңірге барып қайтқан Франция премьер-министрі осылай деп отыр. Сондай-ақ Франсуа Байру ақпарат құралдарында мыңдаған адамның қазасы туралы таралып жатқан мәліметтің шындыққа жанаспайтынын да айтты. Франция иелігіндегі Майотта өңірі Үнді мұхитында орналасқан.
Мұнда желтоқсанның ортасында кейінгі 90 жылдағы ең алапат "Шидо" дауылы ойран салған. Соңғы мәлімет бойынша 39 адам көз жұмған. Табиғат апатынан кейін аймақтың инфрақұрылымына, электр тарату және сумен қамтамасыз ету жүйесіне айтарлықтай нұқсан келді. Әлі күнге дейін үй шаруашылықтарының 65 пайызы жарықсыз отыр.
Таза ауыз суға қатысты қиындықтар бар. Жергілікті жұрт Франция билігі тым кеш әрекет етті деп наразылық білдірді.