Францияның солтүстігіндегі Солтүстік теңіз жағалауында орналасқан "Гравлин" атом электр станциясы медузалардың жаппай келуіне байланысты уақытша жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Électricité de France (EDF) компаниясының мәліметінше, 10 тамыз кешкісін үш реактор, ал 11 тамыз таңертең тағы бір реактор автоматты түрде ажыратылған. Қалған екі реактор техникалық қызмет көрсетуде болған.
Компания мәлімдемесінде станция жұмысының тоқтауына "медузалардың сүзгіш барабандарды бітеп тастауы себеп болған жаппай әрі күтпеген жағдай" деп түсіндірілді.
EDF оқиғаның нысанның, қызметкерлердің және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне әсер етпегенін атап өтті. Фильтрлер ядролық қондырғы аймағынан тыс орналасқан.
Компания өкілінің айтуынша, тоқтап қалған реакторларды 14 тамызда қайта қосу жоспарланып отыр. Қазір мамандар "өндірісті қауіпсіз түрде қайта жандандыру" үшін жұмыс істеп жатыр. EDF Францияда электр энергиясының тапшылығы қаупі жоқ екенін мәлімдеді.