Францияда орман өрттерін қасақана ұйымдастырды деген күдікпен 32 адам ұсталды. Бұл туралы Анадолы Агенттігі елдің Ішкі істер министрі Лоран Нуньеске сілтеме жасап мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұлттық жандармерия 22 департаментте жүргізілген арнайы операция барысында күдіктілерді қолға түсірген. Министр мұндай әрекеттердің ауыр зардаптарға әкеліп, өрт сөндірушілердің өміріне қауіп төндіретінін атап өтті.
Елде аптап ыстыққа байланысты жағдай күрделене түсті. Météo-France агенттігі 24 департаментте ең жоғары – «қызыл», ал 59 департаментте «қызғылт сары» қауіп деңгейін жариялады. Кей өңірлерде ауа температурасы 39 градусқа дейін көтеріледі деп болжануда.
Франция өрт сөндірушілер федерациясының мәліметінше, ел аумағында шамамен 20 орман өрті тіркелген. Мамандар құрғақ әрі ыстық ауа райында кез келген ұшқынның ірі өртке ұласуы мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар, аптап ыстық салдарынан Парижді қоса алғанда бірқатар қалаларда спорттық және мәдени іс-шараларға шектеу қойылды. Париждің өрт сөндіру қызметі қауіпсіздік мақсатында ашық аспан астындағы жоспарланған шаралардың бір бөлігін тоқтатты.
Спорт министрі Марина Ферраридің айтуынша, 19 маусымнан бері Францияда 131 адам суға батып қайтыс болған. Қаза болғандардың 55 пайызы шомылуға тыйым салынған немесе бақылаусыз су айдындарында болған.
Осыған байланысты Франция билігі елде аптап ыстыққа қарсы ORSEC төтенше шаралар жоспарын іске қосып, халықты қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.