Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Францияда өзіне қатысты қозғалған тергеу аясында Парижде кезекті рет жауап берді. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, тергеу судьялары Дуровтан алты сағаттан астам уақыт бойы жауап алып, мессенджердің ықтимал қылмыстық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтау бағытында сұрақтар қойған.
Бұл – 2024 жылы басталған тергеу аясындағы Дуровтың төртінші рет жауап беруі. Оның адвокаттары кәсіпкерге тағылған айыптарды растайтын нақты дәлелдердің әлі ұсынылмағанын мәлімдеді.
Бұған дейін Павел Дуров Францияда өзіне қарсы «оннан астам айып» бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді. Оның айтуынша, бұл айыптардың әрқайсысы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар, Дуров Франция билігін сөз бостандығы мен жеке өмірге қол сұғылмаушылық қағидаттарын шектеп отыр деп сынға алған болатын.