Кеше Көлік министрі Марат Қарабаев пен Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге арасында екіжақты кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Келіссөздер барысында тараптар көлік инфрақұрылымы, азаматтық авиация және логистика саласындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады.

Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және сауда-экономикалық өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал ететін көлік бағыттарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ тараптар Астана мен Париж арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесін қарастырды. Қазақстандық тарап француз әуе компанияларына рейстерді іске қосу үшін «ашық аспан» режимін пайдалануды ұсынды.

Тараптар француз компанияларын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында логистикалық инфрақұрылымды дамытуға тарту мүмкіндігін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік логистикасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді.
Бұл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етпек.