Франция президенті Эммануэль Макрон елдің әскери шығындарын жедел арттыру жоспарымен бөлісті. 2027 жылға қарай қорғаныс бюджетін 64 миллиард еуроға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы ол X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біз 2030 жылға дейін деп жоспарлаған көрсеткішке 2027 жылы-ақ жетуді мақсат тұтамыз, - деді президент.
Le Figaro басылымы атап өткендей, қазіргі таңда Францияның қорғаныс шығындары ЖІӨ-нің 3,5%-ына да жетпейді. Жаңа қаражат негізінен оқ-дәрілер, дрондар, ғарыштық технологиялар мен әскерилердің дайындық деңгейін күшейтуге бағытталмақ.
Бұл мәлімдеме НАТО-ның 25 маусымда Гаагада өткен саммитінен кейін жарияланып отыр. Саммит қорытындысында мүше елдер қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5%-ына дейін арттыруға уағдаласқан болатын. Одан кейін, 26 маусымда ЕО елдері өздерінің қорғаныс қабілеттерін күшейтуге бағытталған бірлескен жобалар мен автономды қауіпсіздік саясатын дамытуға ниетті екенін растады.