Алматыда экологиялық хабта ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Келушілер шикізаттан бұйымдар жасап, қалдықтарды қайта өңдеуді үйренді.
Ашық есік күнінде 100-ден аса адам келіп, қоқысты қайта өңдеудің жолдарымен танысты. Бұл күні оқыту дәрістері жүргізіліп, жастар өз қолдарымен сөмке, хош иісті сабын жасап көріп жатыр. Біз экологияға ерекше мән беретіндердің бір жерде жиналуына мүмкіндік береміз. Басқа қабылдау орындарынан айырмашылығы – мұнда бөтелке қалдықтарынан түрлі шырақтар, сағат жасауға болады. Ол үшін қоқысты өңдейтін құрылғыларды сатып алдық. Бұл жер – қоқысты қажет бұйымға айналдыратын, жасаған затты үйіңізге апарып қоюға болатын орын, - деді Eco Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджанов.
Эко-хабқа пластикалық ыдыстар, сусабындардың босаған құтыларын, шыны бөтелкелерді тапсыруға болады.
Біз бос уақытымызда "Жасыл ел" бағдарламасымен жұмыс істеп, осындай Ашық есік күндерінде дәріс алып жүрміз. Эко-хабқа 40-тан астам студент пен қызметкер келді. Біз осы орталық арқылы қоқысты тастай салмай, реттеп бөлек жинап, өткізіп, одан пайдалы заттар жасап шығаруға болатынын білдік. Эко-хабқа келгелі қалдықтардан хош иісті шырақ, ыстық тағамның астына қойылатын төсемше, Алматының символы – алма түрінде жасалған қабырға сағаты сынды сувенирлер жасап үйрендік. Үйренгенімізді басқалармен бөліп, табиғатты таза ұстаудың жолдарымен танысып жатырмыз, - деді Халықаралық гуманитарлық техникалық университетінің қызметкері Дария Тоқсанбаева.
Эко-хаб қалаған адам келе алатын креативті кеңістік базасында ашылды.