Атырауда ерекше фотокөрме ашылды

24 Желтоқсан 2019, 16:47
3025
Бөлісу:
Атырауда ерекше фотокөрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда "Жайықты сақтап қалайық" атты фотокөрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл фотокөрме – "Каспий Құбыр Консорциуымы-Қ" АҚ-ның қолдауымен өткен "National Geographic Qazaqstan" журналының экспедиция қорытындысы деуге болады. 

Экспедиция ағымдағы жылдың қыркүйек айының 2-12 аралығында Жайық өзенінің Батыс Қазақстан облысы шекарасындағы бөлігінен бастап, Атырау облысы аумағындағы Каспий теңізіне құятын тамағына дейінгі аралықты өтіп шыққан еді. Сапартоп мүшелері 2 мыңға жуық шақырымды жүріп өтіп, бес мыңға жуық фотосурет түсірді. 

Сапар барысында өзеннің тереңдігі өлшенді, суы мен топырағынан сынамалар алынды, флора мен фаунаға мониторингтік зерттеулер жасалды, өзеннің оң және сол жағалауларын  мекендейтін тұрғындармен кездесулер өткізіліп, жергілікті көнекөз қариялардың пікірлері ескерілді.

Шараның мақсаты – еліміздің батыс өңірінің ең басты су көзі – Жайық өзенінің бүгінгі аянышты ахуалын журнал бетінде көрсету арқылы , аталған мәселеге қоғам назарын аударту, тез арада шешімді талап ететін мәселені Қазақстан Республикасы Үкіметіне жеткізу. 

Экспедиция қорытындысын "National Geographic Qazaqstan" журналының желтоқсан айында шыққан санынан оқуға болады. 

Қала тұрғындары мен қонақтары фотокөрмені желтоқсанның бүгіннен бастап "BAIZAAR" ойын-сауық орталығында тамашалай алады.
Өзгелердің жаңалығы