«FORTE TRIO» ансамблінің гастрольдік сапарлары басталды

23 Қазан 2022, 17:55
904
Бөлісу:
«FORTE TRIO» ансамблінің гастрольдік сапарлары басталды

19-31 қазан аралығында Бразилия қалаларында «Роза Бағланова» атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солистері «FORTE TRIO» ансамблінің гастрольдік сапарлары басталды деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өз елімізде ғана емес, шет елдерге танымал және өнерсүйер қауымның зор ықыласына ие классикалық ансамбль Бразилияның үздік симфониялық оркестрлерінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.

Бразилиялық турдың концерттік бағдарламасында қазақ авторларының шығармалары, сондай-ақ Моцарт, Бетховен, Равель, Мендельсон, Бородин және Пьяццолланың да музыкалық туындылары бар.

«FORTE TRIO» мемлекеттік триосын атақты пианист, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев құрды. 

Ол классикалық ансамбльге скрипканы (Мақсат Жүсіпов), виолончельді (Мұрат Нарбеков) және фортепианоны (маэстроның өзі ойнайды) біріктірді. Аспаптардың құрамы жағынан бұл Қазақстандағы алғашқы және жалғыз музыкалық ұжым. Жоғары орындаушылық шеберлігінің арқасында бүгінгі таңда «FORTE TRIO» ансамблі әлем бойынша белсенді концерт беретін ең сұранысқа ие қазақстандық камералық ансамбльдердің бірі. Олар Париждегі «Карто», Лиондағы «Молиер», Берлин және Вена қалаларындағы филармония залдарында өнер көрсетті. Трионың гастрольдік картасында тіпті Антигуа мен Барбуда сияқты экзотикалық елдер де бар. Бір жыл бұрын ансамбль мүшелері Тәуелсіздік мерейтойына орай Франциядағы 2021 жылғы концерттік маусымға қатысты.

19 қазанда әртістер Рио-де-Жанейрода (Salao Leopoldo Miguez), 28 қазан Белем қаласында (Teatro da Paz) және 31 қазан Гония қаласында (Teatro Goiania) өнер көрсетеді. Бразилия мемлекетінің астанасында өтетін концерттің (Cultural Complex Brasilia Funarte-Eixo Monumental залы) ерекше символдық мәні бар. Ансамблдің концерті 25 қазан Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. Дәл осы күні Қазақстанның өнерін шетелде таныстыру – музыканттар үшін үлкен жауапкершілік және зор құрмет.

«FORTE TRIO» ансамблінің гастрольдік сапарлары барысында бразилиялық оркестрлермен бірлескен қойылымдары Қазақстан мен Бразилия арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосары сөзсіз. Аталмыш іс-шара Оңтүстік Америкадан келген жұртшылыққа еліміздің музыкалық мұрасымен танысуға, сонымен қатар жалпы жер планетасындағы Еуразия тұрғындарының рухани бірлігі мен ұмтылыстарын түсінуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы