Физикадан тарихи триумф: Әлемнің ең беделді олимпиадасында бес алтын иеленген оқушылар Қазақстанға оралды

Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.

15 Шілде 2026, 05:06
АВТОР
 Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина 15 Шілде 2026, 05:06
15 Шілде 2026, 05:06
111
Фото: Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) бес алтын иеленген оқушылар Қазақстанға оралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізген болатын.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Оқушыларды әуежайдан күтіп алуға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арнайы келді. 

2019 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпы білім саласында іргелі реформаларды жүзеге асырып келеді. Оның ішінде, дарынды балаларды қолдауға байланысты жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Бұрын-соңды болмаған халықаралық пәндік олимпиаданың жеңімпаздарына 2-6 миллион теңге аралығында сыйақы беріледі. Осындай халықаралық пәндік олимпиаданың жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарына да қолдау сыйақысы қарастырылған. Биылдан бастап халықаралық жоба жарыстарында жеңімпаз атанған балаларға да, олардың ұстаздарына да осындай сыйақы беріледі, - дейді министр. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, Қазақстан құрамасының бірден бес баланың алтын медаль алуы мемлекеттің дарынды балаларды қолдауға арналған жүйелі жұмысының нәтижесі. 

Бұл елімізде адам капиталына инвестиция құю нәтиже беретінінің нақты дәлелі. Қазіргі таңда химиядан, математикадан олимпиадалар өтіп жатыр. Балалар 100 пайыздық нәтиже көрсетіп жатыр. Бірақ бәрінің алтын алғаны тарихта болмаған жағдай. Біздің ойымызша, дарынды балалар көп. Халықаралық беделді олимпиадаға бес оқушының қатысуы ережеге байланысты болды. Одан бөлек балаларымыз да бар. Көптеген оқушымыздың жарыстарға қатысып, нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар, - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Құрман Дамир жарыс айтарлықтай қиын болғанын атап өтті. 

Себебі 90-ға жуық мемлекеттен 400-дей оқушы қатысты. Әр адам өз елінде түрлі кезеңнен өтіп келген. Біз де түрлі кезеңнен өтіп, жарысқа бардық. Финалда үш есеп беріледі. Бірінші есептің өзін үшке бөлді. Сондықтан биыл бұрынғыдан қиынырақ болды. Бұл олимпиада мен үшін өте маңызды. 9-сыныптан бастап осы олимпиадада алтын алу керек деген мақсат қойып, үш жыл бойы жұмыс істедім. Министрлік, мектебіміз барынша қолдау көрсеткендіктен, осындай нәтижеге жетіп отырмыз, - дейді Дамир. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады.Солардың бірі SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы  Самат Мақсұтов та биылғы жарыста күрделі есептер берілгенін айтады. 

Ұзын, күрделі есептер берілді. Кейде бір есептің өзі 4-5 бет болады. Емтихан кезінде 100 параққа дейін есеп келеді. Екінші кезеңде ұйымдастырушылар арнайы тапсырмамен құралдар дайындайды. Яғни мектеп бағдарламасы болғанымен, құрастырылған ерекше есептер келеді. Жалпы физика олимпиадасы 7-сыныптан басталады. Республикалық деңгейден жоғары көрсеткіш көрсеткен балаларды жинаймыз. Оқушыларды іріктеп, емтиханнан өткізіп, үздіктерді таңдап, олимпиадаға апарамыз. Жалпы оқушылар 3-5 жыл аралығында дайындалады, - дейді Самат Мақсұтов. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Айта кетейік, биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Былтыр ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған еді. 

Наверх