Астана полицейлері қоғамдық көлік мүлкіне зиян келтірген ер адамды анықтады.
Полицияға қалалық автобустардың бірінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші кабинасын салоннан бөліп тұрған әйнекті сындырғаны туралы хабарлама түскен.
Тексеру барысында құқық бұзушының 44 жастағы ер адам екені анықталды. Белгілі болғандай, жанжалға автобустың өзі түсуі тиіс аялдамаға тоқтамай, өтіп кетуі себеп болған. Осыған байланысты жолаушы жүргізушімен сөзге келіп, кейін ашуға бой алдырып, жүргізуші кабинасын салоннан бөліп тұрған әйнекті жұдырығымен ұрып, сындырып жіберген. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың қаулысымен оған 20 тәулікке әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Полиция кез келген даулы жағдайды заң аясында шешу қажеттігін ескертеді. Агрессивті әрекеттер, бөтеннің мүлкіне зиян келтіру және қоғамдық тәртіпті бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске салайық, бұған дейін астаналық ер адам автобустағы балағат сөздері мен агрессивті әрекеті үшін 15 тәулікке қамауға алынды.