Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Азаматтық бақылау" жобасы аясында фискалды чек бермеу дерегі туралы хабарлаған 100 адамға 1000 теңге көлеміндегі сыйақы төленді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің қашықтан мониторинг басқармасының басшысы Әнуар Сүлейменов хабарлады.
Еске сала кетейік, 30 қыркүйектен бастап осы пилоттық жоба республиканың барлық аумағына таратылды, яғни чек бермеу дерегі туралы хабарлаған тұлғаларға сыйақы төлеу (ұялы телефон теңгерімін толтыру) бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіледі.Оның айтуынша, жобаның іске асырылуы мерзімінде 2539 хабарлама түскен. Олардың барлығы қаралуда. Кәсіпкердің мәліметтері, фискалды чектің берілмеу деректері мен себептері анықталуда.
"Әкімшілік құқық бұзушылыққа тартылған тұлғаның түсінігі, жәбірленушінің айғақтары, куәгерлер; маманның, сарапшының қорытындысы және көрсеткіші, заттай айғақтар, басқада құжаттар, ӘҚК қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және процессуальдық іс жүргізу хаттамасы – осының бәрі жауапкершілікке тартудың дерегі болып табылады", - деді А.Сүлейменов.
Сондықтан, сыйақы тек сатушының БКМ чегін беруден бас тартуы видеоға түсірілген кезде, дүкеннің атауы мен мекенжайы, сауда үйінің, базардың атауы (сауда үйіндегі дүңгіршектің, базардағы орынның нөмірі) және фискалды чек бермеген тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін басқа да мәліметтер көрсетілген жағдайда төленеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР барлық азаматтарын өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге, БКМ чегін бермей өзінің табыстарын жасырушы салық төлеушілерге нөлдік төзімділік танытуға және пилоттық жобаға белсенді қатысуға шақырады. Барлық жолданылған өтінішті мемлекеттік кірістер органдары өңдейтін болады.
Видеоматериалдарды Apple App Store және Google Play market қосымшаларынан тегін жүктеуге болатын «Wipon» ұялы қосымшасы арқылы жолдауға болады.
"Шағым жолдаған жағдайда қосымша өз тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын (болған жағдайда), ЖСН және байланыс телефонын көрсетіңіз. Бұл деректер бұзушылық фактісі расталған және фискалды чек бермеген тұлғаны жауапкершілікке тартқан жағдайда сыйақы төлеу үшін керек болады", - делінген хабарламада.
Фискалды чекті consumer.oofd.kz сайтында тексеруге болады.
Осы ретте, техникалық талаптарға сәйкес берілген фискалды чек мәліметтері 72 сағат ішінде жолдануы мүмкін. Сондықтан, берілген чекті фискалды деректер операторы базасында таба алмаған жағдайда 3 күнге дейін күту қажет және содан кейін қайта тексеру қажет. 72 сағат өткеннен кейін ақпарат болмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болады.