Фируза Шәріпованың келесі жекпе-жегі қашан өтетіні анықталды

4 Сәуір 2019, 11:08
1854
Бөлісу:
Фируза Шәріпованың келесі жекпе-жегі қашан өтетіні анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. WIBA тұжырымдамасы бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы қазақстандық Фируза Шәріпованың (9-1, 4 КО) рингке қашан оралатыны белгілі болды.

BoxRec.com мәліметінше, Шәріпованың кезекті жекпе-жегі 20 сәуір күні Мәскеу түбіндегі Жуковкадағы Флойд Мэйвезердің бокс академиясында өтеді. Қарсыласы әзірге белгісіз. Жекпе-жек 6 раундтан тұратын болады және қарсыластар дәреже үшін жұдырықтаспайтын болады. 

"Өкінішке қарай, Осы жекпе-жекте  Фируза айырылып қалған титулдары үшін жұдырықтаса алмайды. Себебі, ол өте қымбатқа түсетін іс-шара. Дегенмен, Фируза ұзақ мерзім аралығында жекпе-жекке шықпай қалмас үшін, біз аралық жекпе-жек өткізуді ұйғардық. Бұндай жағдайда ол жеңіл салмақта WIBA и WBU версиясы бойынша әлем чемпионы болып қала береді. Аталмыш жекпе-жек Фируза үшін жаңа салмақ - 63,5 килограмм категориясында өтеді", - деді спортшының менеджері Сергей Завилейский.

Бокс кешінде Шәріповадан бөлек қазақстандық Константин Брусенский (1-0, 1 КО) рингке шығады. Оның да қарсыласы анықталмады. 

Еске сала кетсек, жақында Фируза Шәріпованың IBO тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы титулынан айырылып қалғаны белгілі болды. Ұйымның неліктен мұндай шешім шығарғанын спортшының өзі де білмейді. Фируза соңғы жекпе-жегін былтыр 8 қыркүйекте Санкт-Петербургте өткізді.

Төрешілердің бірауыз шешімімен ол ресейлік Юлию Куценконы (7-1-1, 3 КО) жеңді.

Өзгелердің жаңалығы