Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендерден 34 мың текше метр су сыртқа шығарылды. Нәтижесінде Фирдоуси ауылындағы су деңгейі айтарлықтай төмендеген.
Бұл туралы бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдай Министрінің бірінші орынбасары Абдулла Құлдашев және Түркістан облысы Төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов бірлесіп өткізген брифинг барысында белгілі болды.
Айта кетейік, Мақтааралдағы су тасқынының салдарын жою бойынша көмекке Өзбекстан тарапынан 300-ге жуық адам, 186 техника тартылды. Өзбекстан Төтенше жағдай қызметінің күшімен 50 су сорғы станциясы орнатылып, 34 мың текше метр су қашыртқы жұмыстары жүргізілді.
Қазір штаб басшылығымен жоспар құрылуда. Бүгін осында үшінші күн техногенді апаттың салдарын жоюға атсалысып жатырмыз. Су басқан ауылдарды судан тазартқан соң жолдарды, коммуникация қызметін реттеуге көмектесеміз. Біздің тарапымыздан сіздерге қанша уақыт көмек қажет, сонша уақыт осында қалып бірлесіп жұмыс істейміз, - деді Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдай Министрінің бірінші орынбасары Абдулла Құлдашев.
Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында 1030 үй су астында қалған. Нақтылап айтатын болсақ, Жаңа тұрмыс ауылында 321 үй, Жеңіс ауылында 1922, Фирдоуси ауылында 2376, Өргебаста 1451 үй. Аталған елді мекендерден 6127 адам көшірілген. Эвакуация орталықтарында 2900 адам, қалғандары туыстарының үйінде жатыр. Сондай-ақ, апат аймағында судың салдарын жоюға еліміздің қорғаныс саласынан 1365 адам жұмылдырылған.
Қазіргі таңда әріптесіміз генерал Құлдашев мырза айтқандай су басқан елді мекендерде су деңгейі қарқынды түсуде. Өргебас елді мекенінде қайықтармен үйлерге кіріп тұрғындардың заттарын, киімдерін алып шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеше генерал Абдулла Құлдашев Фирдоуси ауылының тұрғындарымен кездесіп қайтты. Ол жерге бірнеше мотопомпа қажет екен. Бүгін соларды жолдайтын боламыз. Тағы бір айта кететін жайт, Нұрсұлтан қаласы мен Қарағанды облысынан ТЖ департаментінен 43 жеке құрам, 13 техника, 32 мотопомпа, оның ішінде 2 үлкен су сору мотопомпасы келе жатыр. Келгеннен кейін қажетті елді мекендерге бөліп, су сору жұмыстарын әрі қарай жалғастыратын боламыз, - деді Түркістан облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.
Бұдан бөлек, брифинг барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов 15046 ірі қара мал басы анықталғанын атап өтті. Оның ішінде ірі қара мал – 4912 бас, ұсақ малдар - 7130, жылқы - 1274, түйе - 415. Малдарды орналастыру үшін Келес ауданында арнайы жайылым жер қарастырылыпты. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің шығынын Үкімет төлеп беретінін айтты.