Филиппиндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 78 адамға жетті

Апат салдарынан 357 мыңнан астам отбасы немесе шамамен 1,5 миллион адам зардап шеккен.

 Reuters Бүгiн 2026, 08:11
Бүгiн 2026, 08:11
140
Фото: Reuters

Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралы маңында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 78 адамға жетті. Тағы 30 адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.

Елдің Табиғи апаттар қаупін азайту және салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңесінің мәліметінше, апат салдарынан 357 мыңнан астам отбасы немесе шамамен 1,5 миллион адам зардап шеккен. Қазір 47 эвакуациялық орталықта 22 мыңға жуық тұрғын орналастырылған.

Зілзаладан 74,7 мың тұрғын үй бүлініп, оның ішінде 13,7 мыңы толық қираған. Сондай-ақ 774 инфрақұрылым нысаны зақымданған. Жалпы материалдық шығын көлемі 1,29 миллиард филиппин песосына (21,3 миллион АҚШ доллары) бағаланып отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы шығын 29,8 миллион песоны құрады.

Магнитудасы 7,8 болған жер сілкінісі 8 маусым күні тіркелген. Оның эпицентрі Минданао аралындағы Маасим қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 32 шақырым жерде орналасқан. Жерасты дүмпулерінің ошағы 33 шақырым тереңдікте болған.

Айта кетейік, Филиппин Тынық мұхитының отты белдеуі аумағында орналасқандықтан, елде жер сілкіністері мен жанартау атқылаулары жиі болып тұрады.

Наверх