Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) алдағы төрт жылда ұлттық футбол қауымдастықтарына бөлінетін қаржыны ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бағдарламаның жалпы бюджеті 6,35 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл туралы AP агенттігі хабарлады.
Ұсыныс бойынша, FIFA-ға мүше 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына төрт жыл ішінде 25 млн долларға дейін қаражат бөлу көзделген. Бұған дейін әр қауымдастыққа 10 млн доллардан беру жоспарланған еді.
FIFA президенті Джанни Инфантино бұл бастамаға қатысты алты континенттік конфедерацияның басшыларына хат жолдаған. Бағдарламаның түпкілікті нұсқасын желтоқсанда FIFA Кеңесі әзірлеп, келесі жылдың наурызында ұйым конгресінде бекітуі мүмкін.
Қаражаттың бір бөлігі 2026 жылғы әлем чемпионатынан түсетін табыс есебінен бөлінбек. FIFA 2022–2026 жылдардағы цикл бойынша жалпы кірісі шамамен 15 млрд долларға жетеді деп күтеді.
Әзірге ұсыныс түпкілікті бекітілген жоқ. Қаржыландырудың нақты көлемі мен оны бөлу тәртібін ұйымның басшы органдары анықтайды.
Айта кетейік, бұған дейін FIFA Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға 2026 жылы 250 мың доллар бөлуді мақұлдаған. Қаражат жас таланттарды іздеуге, жаттықтырушылар мен скауттарды оқытуға бағытталады.