Ұйым 4,2 млрд доллар көлемінде қаржы тартуды көздеп отыр. Инвесторлар тобын Джошуа Кушнер негізін қалаған Thrive Eternal компаниясы басқаруы мүмкін.
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) құрамына кіретін барлық 55 ұйым өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Онда Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) инвестициялық жоспарына қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланады. Бұл туралы ESPN өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін ФИФА әлем чемпионаттары мен ұйымның басқа да турнирлерінің коммерциялық қызметін басқаратын құны 20 млрд доллар болатын еншілес компания құруды жоспарлап отырғаны белгілі болған еді.
Жаңа құрылым FIFA Forward Enterprise деп аталады. Федерация оның акцияларының 20 пайызына дейін сыртқы инвесторларға сатуды және осылайша 4,2 млрд долларға дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге ұйым компанияны бақылау құқығын сақтап қалатыны айтылған.
Инвесторлар тобын Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің ағасы Джошуа Кушнер негізін қалаған Thrive Eternal компаниясы басқаруы мүмкін. Алайда Джаред Кушнердің өзі ықтимал инвесторлар қатарында жоқ.
ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл бастаманы әлем бойынша футболды қаржыландыруды арттыру қажеттілігімен түсіндірді.
Біздің міндетіміз – футболдың қалған бөлігінің де дамуын қамтамасыз ету. ФИФА ойынның әлемнің барлық бұрышында тұрақты әрі қолжетімді дамуын қолдау үшін жұмыс істейді, – деді ол.
Тартылған қаражат әрбір 211 ұлттық қауымдастыққа ерікті түрде 20 млн долларға дейін қаржы бөлуге мүмкіндік беретін жаңа бағдарламаға бағытталмақ.
Бұл қаражат:
- инфрақұрылым салуға;
- жаттықтырушылар даярлауға;
- ұлттық құрамаларды дамытуға;
- жарыстар өткізуге;
- бұқаралық және әйелдер футболын дамытуға жұмсалады.
УЕФА бұл бастамаға қарсы шықты
ФИФА ұсынысына УЕФА қатаң қарсылық білдірді. Ұйым бұл бастама «футболды басқарушы органдар ешқашан аттамауы тиіс шектен асып кеткенін» мәлімдеді.
Футболдың жаны мен оны басқару жүйесі – саудаға шығарылатын актив емес. Әсіресе кімнің қаржылық пайда көретіні туралы толық ашықтық болмаған жағдайда бұған жол беруге болмайды. Ешқайсымыз футболдың иесі емеспіз. ФИФА оны сатуға құқылы емес, – делінген УЕФА мәлімдемесінде.
Бұл жоспарды Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Энди Бёрнем де сынға алды. Ол әлем чемпионаты коммерциялық өнім емес және инвесторларға тиесілі емес екенін айтты.
Бұл келісімді қалай түсіндірсеңіз де, әлем чемпионатының бір бөлігін сату арқылы сіз футболдың өзін сатасыз, – деп жазды Бёрнем X әлеуметтік желісінде.
Нотр-Дам университетінің қаржы профессоры Ричард Шиханның пікірінше, компаниядағы үлесті сату ФИФА-ның коммерциялық емес ұйым ретіндегі мәртебесіне қайшы келеді.
ESPN мәліметінше, УЕФА ФИФА-ны бұл келісімнен бас тартуға мәжбүрлеу үшін бойкот қаупін пайдалануы мүмкін. Мұндай шара 2021 жылы да талқыланған болатын. Сол кезде ФИФА әлем чемпионатын әр екі жыл сайын өткізу туралы ұсыныс жасаған еді. Кейін бұл идеядан бас тартылды.