Фейк ақпарат тарап жатыр. Ақпарат министрлігі БАҚ өкілдеріне үндеу жасады

11 Сәуір 2024, 17:17
292
Бөлісу:
Фейк ақпарат тарап жатыр. Ақпарат министрлігі БАҚ өкілдеріне үндеу жасады
Фото: ОКҚ

Жалған ақпарат таралуының алдын алу және оған қарсы тұру мәселелері жөнінде Республикалық ақпараттық штабта Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Республикалық ақпараттық штаб су тасқыны басталғалы бері жұмыс істеп жатыр. Штаб азаматтарды елде болып жатқан оқиғалар және су тасқынына қарсы жасалған шаралар туралы ақпаратпен қамтамасыз етіп жатыр, - деді вице-министр.

Ысқақов атап өткендей, зардап шеккен аймақтар мен оларды қолдауға қатысты ақпараттарды құзырлы органдар дер кезінде БАҚ-қа таратып келеді. Ол оқиғаларды дұрыс жеткізу мақсатында республикалық, өңірлік барлық БАҚ осы жұмысқа жұмылдырылғанын атап өтті.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі ақпаратты дер кезінде жеткізіп жатқан БАҚ өкілдеріне алғысын айтты.

Өкінішке қарай, соңғы кездері ақпараттық желілерде, кейбір БАҚ-та немесе парақшаларында жалған, фейк ақпараттар тарап жатқанын көріп отырмыз. Ақпараттық алаңға жүргізілген мониторинг барысында біз жалған және дұрыс емес ақпарат таратудың 28 фактісін анықтадық, кейін уәкілетті органдар оларды теріске шығарды. Мысалы, көбінесе бөгеттердің бұзылу қаупі, республикалық маңызы бар жолдардың бұзылуы, су қоймаларындағы, электр станциялары мен басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары мен тәртібі туралы жалған хабарламалар таратылған, - деп айтты Ақпарат вице-министрі брифингте.

Қанат Ысқақов атап өткендей, соңғы күндері Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге уәде еткен миллиондаған доллар төлемдері, Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің атынан ақшалай қаражат жинау туралы жалған хабарламалар тарап жатыр.

Бұл ақпаратты кеше Үкімет жоққа шығарды. Ал Индустрия және құрылыс министрлігі желіде су тасқынынан зардап шеккендерге 22 миллион теңге төленетіні туралы тараған ақпараттың жалған екенін ескертті. Жалпы бүгінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осындай 20-дан астам хабарламаны жоққа шығарды. Мұндай әрекеттер қоғамға ешқандай пайда әкелмейді. Олар мемлекеттік органдардың күштері мен ресурстарын құтқару-қалпына келтіру жұмыстарынан ойын бөледі. Себебі олар бар мүмкіндікті жасап жатыр, - дейді министрлік өкілі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, фактілерді тексеріп, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Тексерілмеген немесе күмәнді ақпаратты жақын адамдарға немесе таныстарға жібермеуді сұрады.

Дәлелсіз және бейтарап ақпаратты таратудың әрбір анықталған фактісіне қоғамдық тәртіпке, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатер төндіретін құқық бұзушылық ретінде тиісті құқықтық баға беріледі. Біз сондай-ақ БАҚ өкілдерін тексерілмеген және нақтыланбаған деректерді таратудан аулақ болуды сұраймыз. Ақпарат пен түсініктеме алу үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге немесе тікелей Республикалық ақпараттық штабқа хабарласуларыңызды сұраймыз, - деп айтты Қанат Ысқақов брифингте.

Өзгелердің жаңалығы