Фермерлер енді ӘКК арқылы да мемлекеттік кепілдікпен несие ала алады

Бағдарлама кепілзаты жеткіліксіз фермерлерге де несие қаражатын тартуға мүмкіндік береді.

22 Шілде 2026, 11:02
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 22 Шілде 2026, 11:02
22 Шілде 2026, 11:02
222
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне мемлекеттік кепілдікпен берілетін несиелердің қолжетімділігі кеңейтілді. Енді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландыруды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы да ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік кепілдік қалай беріледі?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдан бері агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру және сақтандыру аясында субсидиялау тетігі жұмыс істеп келеді. Бағдарлама кепілзаты жеткіліксіз фермерлерге де несие қаражатын тартуға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы тетікке сәйкес, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры несие сомасының 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік береді.

Не өзгерді?

Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 15 шілдедегі №280 бұйрығымен Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру және сақтандыру шеңберінде субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Негізгі жаңашылдық – кредиторлар тізіміне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) енгізілуі.

Фермерлер үшін қандай мүмкіндік ашылды?

Енді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік кепілдікпен берілетін несиелерді тек екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы ғана емес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да рәсімдей алады.

Бұл өзгеріс фермерлердің қаржыға қолжетімділігін арттырып, несие алу мүмкіндігін кеңейтеді.

Қандай жобаларға кепілдік беріледі?

Мемлекеттік кепілдік мал шаруашылығы жобаларына, өсімдік шаруашылығы жобаларына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларына, айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыздарға беріледі. Кепілдік мөлшері қарыз сомасының 85 пайызына дейін жетеді.

Министрліктің мәліметінше, қабылданған өзгерістер агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыруға, инвестициялық белсенділікті күшейтуге және ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалардың іске асуына ықпал етеді.

Наверх