Фашизмнің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр – саясаттанушы

6 Мамыр 2019, 14:44
3367
Бөлісу:
Фашизмнің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр – саясаттанушы
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Балалар қазір Ұлы Отан соғысы туралы кітапты оқымайды, интернетте жазылған нәрселерді ғана қабылдап жатыр. Бұл туралы саясаттанушы Сайын Борбасов Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Жеңіс күніне арналған конференцияда айтты.

Жиын барысында ол ІІ дүниежүзілік соғыста 60 млн адам қырылса, соның 28 миллионы Кеңес одағы халықтары екенін және 400 мыңнан аса Қазақстан халқы қаза тапқанын айтып өтті.

Фашизмнің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр – саясаттанушы

«Қазір осы соғысты бұрмалау, түрлі әңгімелер айту, соғыстағы оқиғаларды керісінше басқаша бағалау көп болып жатыр. Сондықтан Ұлы Отан соғысы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Келешек ұрпаққа біз осы соғыстағы ерлікті дұрыс түсіндіре алмай келе жатырмыз. 1991 жылғы ұлым 1-2 сынып оқитын кезінде маған «Әке, сіз Әлия Молдағұлованы білесіз бе? Ол 35 террористі өлтіріпті», дейді. Кейін ол террористермен емес, фашистермен соғысқаны жайлы ұзақ түсіндіруге тура келді. Қазір фашизмнің не екенін білмейтін жаңа ұрпақ келе жатыр. Сондықтан Ұлы Отан соғысы жайлы балаларға дұрыстап  түсіндіруіміз керек. Олар кітап оқымайды, интернетте соғыс жайында жазылған нәрселерді қабылдап жатыр. Осы тұрғыда  тарихшыларымыз жастарға соғыс жайлы деректерді қазіргі әлеуметтік желінің әдіс-тәсілдерімен жеткізсе», - деді Сайын Борбасов. 

Сөз арасында ол, «Ұлы Отан соғысы» атауының орнына ІІ дүниежүзілік соғыс деп айту туралы түсінікке пікір білдірді.

Фашизмнің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр – саясаттанушы

«Ұлы Отан соғысы екені ақиқат. Ол ІІ дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлшегі. Қазақстан қазір Тәуелсіз мемлекет, дегенмен біз ұзақ уақыт Ресей колониясы болдық, кейін Кеңес Одағының құрамында өмір сүрдік. Бұл тарихи шындық, оны ешкім еш уақытта алып тастай алмайды. Сол кезеңде қазақтар өз Отаным деп Кеңес Одағын есептеді. Ол кезде біз студент болдық және өзіміздің Кеңес Одағының студенті, азаматы деп түсіндік. Кеңес Одағының кереметтей держава болмағанын біз студент кезімізде білетінбіз, оның кемшіліктерін, саясаттағы қателіктерін, бәрін білетінбіз. Бірақ та Кеңес Одағының фашистік Германияға қарсы соғысы шын мәнінде әділетті соғыс болды деп ойламын. Адамзатты үлкен фашистік қауіптен аман алып қалған соғыс болды. Кеңес Одағының ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысуы соғыстың мәнін өзгертті. Соның нәтижесінде фашистік Германия мен мелитаристік Жапония әлемді бөлу, әлемді басқару жоспарын іске асыра алмай қалды», - дейді саясаттану ғылымдарының докторы. 

Фашизмнің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр – саясаттанушы

Аталған институттың  ұйымдастыруымен өткен «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында «Қазақстанның әскери тарихындағы ұлттық әскери құрамалардың рөлі және маңызы», «Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі», «Қазақтардың Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысына қатысуы», «Әскери тұтқын болған қазақтардың тағдыры (Түркістан легионы)» және «Еңбек армиясындағы қазақтар» тақырыбында баяндамалар жасалды.

Фашизмнің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр – саясаттанушы

Өзгелердің жаңалығы