560 түркістандық отбасы Солтүстікке қоныс аударды

23 Қаңтар 2020, 19:11
2112
Бөлісу:
560 түркістандық отбасы Солтүстікке қоныс аударды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Былтыр "Еңбек" бағдарламасы бойынша Солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 560 отбасы (1757 адам) қоныс аударды. 

Негізі 427 отбасы көшіріледі деп жоспарланса, көрсеткіш артығымен орындалып отыр. Бұған өңірдегі үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарының да ықпалы бар. Былтыр Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен осы бағдарламаны насихаттау бойынша өңірдің БАҚ өкілдері СҚО, Қостанай және Ақмола облыстарында болып қайтты. Сонымен бірге Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы облыстағы аудан, қалаларда тұрғындармен кездесіп, теріскейге қоныс аударудың шарттары мен тиімді тұстарын насихаттаған болатын.

Елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан "Еңбек" бағдарламасының мақсаты – халқы тығыз орналасқан Оңтүстіктегі облыстардың тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге қоныстандыру. Осы бағдарлама қолға алынған 2015 жылдан бері Түркістан облысынан жалпы 4935 мүшесі бар 1365 отбасы теріскейге қоныс аударды.

2019 жылы Түркістан облысынан бағдарлама бойынша 62 отбасы (221 адам) Қостанай облысына қоныстанса, 115 отбасы (230 адам) Шығыс Қазақстан облысына көшті. 288 отбасы (832 адам) Солтүстік Қазақстан облысына және 95 отбасы (474 адам) Павлодар облысына көшіп барды. ҚР бойынша қоныс аударғандар арасындағы Түркістан облысының үлесі 28 пайызды құрап отыр.

Қоныс аударғандардың 895 еңбекке қабілетті тұрғынның 622-сі тұрақты жұмыспен қамтылса, 47 адам жеке кәсібін ашқан. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылған. Баспана бойынша көмек көрсетілген. Сондай-ақ көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілген.

Жалпы былтыр Солтүстік өңірлерден 6 топ, 96 жұмыс беруші арнайы келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, облыс әкімдігі және осы салаға жауапты басқарма тарапынан да тиісті іс атқарылған. Жетісай ауданында "Өңіраралық бос жұмыс орындары" жәрмеңесі өткізілді. Аталған жәрмеңкеге 650-ден астам тұрғын қатысып, оларға 3 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылған. Сонымен қатар демеушілер есебінен 150-ге жуық адам Солтүстік өңірдегі ақуалмен танысып қайтты.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың айтуынша, "Еңбек" бағдарламасының стратегиялық маңызы жоғары. Алдағы уақытта да партия филиалы облыс әкімдігімен бірлесіп, осы бағдарламаны насихаттау жұмыстарын жалғастырмақ.
Жаңа мекенге барып, жаңа өмір бастауға, Қазақстанды өркендетуге түркістандық әрбір тұрғынның мүмкіндігі бар.

 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі



Өзгелердің жаңалығы