Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында орналасқан «Сәуле» кондитерлік фабрикасы жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда кәсіпорынның өндіріп отырғаны 2100 тоннаны шамалайды. Ал жобаның жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құрайды.
Бұл мәліметпен Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясының дапутаттық фракциясының мүшесі Марат Бопазов Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында қанықтық.
Марат Дәрібекұлы өңірдегі Жамбыл, Байзақ аудандарында және Тараз қаласында болып, бірқатар нысандарды аралады. Соның ішінде облыс орталығындағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысымен де танысты. Осыдан үш жыл бұрын байырғы автопарктің орнынан ашылған нысанда вафлидің - 36, печеньенің 18 түрі шығарылады.
Фабрика басшысы Сәуле Жаңабекованың айтуынша, ол жұмысын жаңа бастағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Халық банкінен қомақты несие алыпты. Ал өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды Австрия, Франция мен Германия елдерінен сатып әкеліп оратқан.
«Қазіргі таңда кондитерлік өндіріске негізделген кәсіпорынды кеңейту мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жобалық құны 850 миллион теңгені құрайтын фабриканың екінші нысанының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Ол жобаны биыл іске қоссақ, кәсіпорынның жылдық қуаты 4500 тоннаға артатын болады. Бүгінгі таңда фабрикада 70 адам еңбек етуде», - дейді кәсіпкер.
Фабриканың ішкі жұмысы Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бопазовтың қызушылығын оятты. Ол кәсіпорындағы шетелдік құрал жабдықтардың технологиясымен танысып, технологтардың жұмысына да жоғары баға берді. Өнеркәсіп технологы Максим Лищишин биыл кәсіпорын қуаттылығын 4500 тоннаға жеткізсе, алдағы жылдарда оны 12 000 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Сол үшін келесі жылы тағы бір нысан тұрғызғалмақ. Фабрика толық қуатына көшкен сәтте жұмысшы саны 190 адамға артады деп күтілуде.
«Бұл жолғы сапарымда арнайы ауыл шаруашылығы мен кәсіпорындардың жұмысымен танысуды мақсат еттім. Кеше Жамбыл және Байзақ аудандарында болып, ондағы қант қызылшасы алқаптарының жұмыс барысымен таныстым. Алдыңғы жылы келгенімде балтамыр алқаптары едәуір көп болатын. Биыл оның көлемі қысқарып қалыпты. Былтыр тәтті түбірді өткізуде бішама мәселелер болған екен. Ол қазір шешімін тапқан. Одан кейін байқағаным, субсидия мәселесінде аздаған кедергілер бар көрінеді. Мұны да облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ба, әлде республикадан болып жатқан іс пе оны да зерделейтін боламыз», - деп уәде берді депутат.
Мәжілісмен өңірдегі кәсіпорындардың аяқ алысы жақсы екеніне тағы көз жеткізгенін жасырмады. Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның ХYIII съезінде тапсырған тапсырмаларының бірі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға негізделген болатын. Марат Дәрібекұлы облыстағы осы бағытта атқарылған жұмыстарды көріп, қуанып отырғанын да жеткізді.