«Ежелгі қоныс» салт аттылар сапары басталады

1 Маусым 2022, 14:50
3900
Бөлісу:
«Ежелгі қоныс» салт аттылар сапары басталады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бозоқ қалашығының орны мен Ботай қонысының арасын жалғайтын «Ежелгі Қоныс» салт аттылар экспедициясы басталады. 

Бозоқ – еліміз астанасының аумағында орналасқан, 1250 жылдан астам тарихы бар көне қалашық. Ғалымдар мұнда ғұндардың, сақтардың және Алтын Орда кезеңінің іздерін тапты.

Ботай – Еуразияның ертедегі жылқы өсірушілерінің бірегей қонысы. Бұл мәдениет б.з.д. V-IV мыңжылдықта орын алған. 

Экспедиция ұлы көшпенділер өркениетінің осы екі негізгі ескерткішін байланыстырады. 

Ботай қонысын зерттеп, жылқыны қолға үйрету кезеңін белгілеген алғашқы ғалымдардың бірі – белгілі археолог Виктор Федорович Зайберт. Ол «Ботай» дала өркениетінің бастауы екенін дәлелдеді. Экспедицияның жобасы Виктор Зайберттің қатысуымен әзірленді. Сол себепті де бұл жоба ұлы адамды еске алу ретінде өте маңызды.

Бұл сапар 450 шақырымға жалғасады. Клуб жетекшісі Берік Ақылбеков сапардың мақсаты мен бағытын айқындай келе, бұл сапардың ерекшкліктері мен айырмашлығына тоқталды. Солтүстік өңірге бірінші сапар болғандықтан бәрімізге беймәлім болып тұр. Басты бағытымыз орманды, құрақты жол болғандықтан маса мәселесі болатыны анық. «Жалғыз жүріп жол тапқанша көппен жүріп адас» деген сөз бар емес пе. Мықты атбегілердің ұйымдасуымен бұл бағытты да игерерміз. «Ботай» қорығы – қазақтың ерекше тарихы. Ата-бабаларымыз ең алғаш жылқыны қолға үйреткен жері. Яғни бүгінгі жылқыларымыздың ежелгі отаны. Аттың басын тарихи құпиялық мәні бар жұртқа бұрдық! Жолымыз болсын деп тілейміз – дейді At-travel клубының жаттықтырушысы Таңжарық Керімқұлов.

Сапарды ұйымдастырушылар – «Бозоқ» және «Ботай» тарихи-мәдени парк-мұражайлары. Әрине, бұл сапардың негізгі қатысушылары At-travel клубының салт аттылары болатыны сөзсіз. Ал бағдардың негізгі қолдаушылары – Ақмола және СҚО әкімдіктері екенін айта кеткен жөн.

Сапар бір аптаға жалғасады. 11 маусым күні астана іргесіндегі Үркер шағын ауданы маңында орналасқан Бозоқ кешенінен аттанып, 7 күнде СҚО Айыртау ауданындағы «Ботай» кешеніне жетеді деп жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы