«ЕвроХим» компаниясы зауыт құрылысына 800 млн доллар инвестиция құяды

10 Қыркүйек 2020, 09:55
1325
Бөлісу:
«ЕвроХим» компаниясы зауыт құрылысына 800 млн доллар инвестиция құяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «ЕвроХим-Каратау» ЖШС бас директоры Дмитрий Валышевпен кездесіп, минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысын талқылады.

Дмитрий Валышев Қазақстандағы «ЕвроХим» компаниясының стратегиялық даму жоспарының бірінші кезеңін іске асыру нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін жеті жыл ішінде қуаттылығы жылына 640 мың тонна фосфор ұнтағын өндіруге қауқарлы тау-кен кешенінің құрылысы жүзеге асырылды. 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Қазір компания екінші кезеңді жүзеге асыруға кіріскен. 

Ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі қуатттылғы жылына миллион тонна минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу және пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойған болатын. Жоба Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруді көздейді.
Инвестицияның болжамды көлемі 800 миллион доллар құрамақ. 

Жобаны іске асырудың болжамды мерзімі – 2021-2025 жылдар аралығы. Кәсіпорынның құрылысы кезеңінде 2 мың адам жұмыспен қамтылады десек, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп көзделуде. 

Минералды тыңайтқыштардан басқа, зауытта мұнай - газ өндірісінде, қысқы маусымда жолдар желісін күтіп ұстау үшін, цемент, құрғақ құрылыс қоспалары, жерді мелиорациялау өндірісінде қолданылатын өнеркәсіптік өнімдер шығару жоспарлануда, - дейді Дмитрий Валышев.       

Оның айтуынша, жаңа зауыт салу жобасы Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал етеді. Әлемде баламасы жоқ инновациялық жоғары технологиялық өндіріс іске қосылады. 

Бердібек Сапарбаев жоғары білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтті. 

Дмитрий Валышевтің айтуынша, компания кадр тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударады. Екінші жыл қатарынан Жаңатас оқушылары «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің қолдауының арқасында М.И.Платов атындағы Оңтүстік-Ресей мемлекеттік политехникалық университетінің студенттері атанған. Барлық түлектер өндірістік мамандықтарға түскен. 

 Серіктестік директоры «ЕвроХим» аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатынын жеткізді. 

Сарысу ауданында болған кезінде компания әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 23 миллион доллар жұмсаған. Тұрғын үйлер жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынған, Сарысу ауданында ғана емес, Талас ауданында да орталық аудандық аурухана үшін реанимобиль сатып алып берген.  

Алдағы бес жылда серіктестіктің әлеуметтік аударымдары есебінен жергілікті әкімдікпен бірге аулаларды абаттандыру, спорттық-сауықтыру кешені, Жаңатас қаласында жастар орталығының құрылысын жүргізу жоспарлануда. 

Шағын қалаларды дамыту үшін мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Тұрғын үйлер, жолдар жөнделуде, коммуникациялар тартылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Егер бизнес әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпаса және жергілікті билікпен ынтымақтастықта болса, әлбетте бұл экономиканың өсуіне және қазақстандықтардың әл-ауқатына тікелей әсер етері сөзсіз. Жаңатас қаласын бұрынғыдай гүлдендіру үшін бизнес және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс жасауы қажет, - деп атап өтті облыс әкімі.   

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар инфрақұрылым тартуға қатысты мәселелерді талқылады.      

Өзгелердің жаңалығы