2025 жылғы 26 тамыз Қазақстан футболы тарихында алтын әріппен жазылатын күн. Алматының "Қайраты" Шотландияның көп жылдан бері Чемпиондар лигасына тұрақты қатысып жүрген "Селтикті" плей-офф кезеңінде жарыстан шығарып, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші матч Глазгодағы ойын
Глазгода өткен алғашқы ойында "Селтик" басымдыққа ие болғанымен, "Қайрат" қақпасына гол жібермеді. Сырт алаңдағы тең ойынның өзі жеңіске пара-пар болды. Бұл нәтиже елдегі жанкүйерге үміт сыйлады.
Алматыдағы шешуші сәт
26 тамыз күні Алматының Орталық стадионы жанкүйерге лық толды. Қазақ елі экран алдында алаңдап, әрбір сәтті демін ішіне тартып бақты. Бірінші тайм тең жағдайда өтсе, екінші таймда "Селтик" қысымды күшейтті. Бірақ қақпашы Темірлан Анарбеков керемет сейвтерімен команданы аман алып қалды. Негізгі уақыт пен қосымша 30 минутта да есеп ашылмады.
Негізі кешегі ойынды алаңдап күттік. Мен үшін де аздап күдік болды. Қалай болар екен деген сұрақ туындады. Селтик сияқты тәжірибелі команда үшін қай алаңда ойнаса да бастысы – нәтиже. Содан қорықтым. Сол күдігім белгілі бір дәрежеде расқа шықты. Ойын барысында өте басым ойнады. Әсіресе, қосымша таймдардың соңына қарай қарсылас біздің қақпаның алдында көбірек ойнады. Біздің жігіттер шыдап берді, жақсы нәтиже көрсетті. Негізі, бас бапкер Рафаэль Уразбахтин барымен базар жасады. Құрметке лайық ойын көрсетті. Дастан Сатпаевтың, Александр Заруцкийдің қатыса алмайтыны белгілі болып тұрды. Георги Зариның жарақаты болды. Мұндай жағдайда шабуылдайтын ойынға иек арту деген утопия болатын еді. Өз басым кей сәттерде Тапаловты сол қапталда қорғаныста қала береді деп күттім. Бірақ оң қапталға қойды. Бұл бапкердің шешімі дұрыс болып шықты. Өткен ойында сол қаптал мықты болса, бұл жолы керісінше оң қапталға көбірек күш салды. Шабуыл бағытын жиі өзгертіп, оң қаптал арқылы ойнады. Бұл да Брендан Роджерстің дұрыс тактикалық шешімі болды. Қорғаныс та жақсы ойнады. Әсіресе Темірланға сөз жоқ, тамаша. Мұнда Рафаэль жеке ойыншыларға емес, жалпы командалық ойынға сүйенді. Негізгі күшті пенальтиге сақтаған сияқты. Тактика жемісін берді. Темірлан Анарбек ойын барысында да тамаша үш сейв жасады, ал ойын соңындағы пенальтилердегі ерлігі тарихи сәт болды, - дейді спорт журналисі Есей Жеңісұлы.
Кездесуге дейінгі статистика екі команданың ара салмағы қаншалықты алшақ екенін көрсеткендей болды.
"Селтик" Шотландия чемпионы, Премьер-лиганы 55 рет ұтқан, жалпы құны 120 миллион еуроға жуық клуб. Соңғы маусымдарда "Бавариямен" тең түсіп, "Ньюкаслды" ойсырата ұтқан тәжірибелі ұжым.
"Қайрат" Қазақстандағы дәстүрлі клубтардың бірі. Бірақ трансферлік нарықтағы құны небәрі 12 миллион еуро, қарсыласынан он есе төмен. Сол себепті халықаралық сарапшылардың басым бөлігі "Селтиктің" жеңісіне күмән келтірмеген еді.
Ең алдымен Қайрат футбол клубын Чемпиондар Лигасының жалпы кезеңіне жолдама алуымен шын жүректен құттықтаймын! Араға 10 жыл салып, отандық команда кәрі құрлықтың клубтық деңгейдегі ең басты додасында доп тебеді. Бұл алматылық команданың еліміздегі футбол жанкүйерлеріне сыйлаған тамаша сыйы. УЕФА Чемпиондар Лигасы форматының өзгергенін ескеретін болсақ, оңтүстік астанамызға бірқатар әлемнің ТОП командалары келетіні анық. Бұл ел футболының жаңа деңгейге шығатынына серпін берері сөзсіз. Ал кешегі ойынға келер болсақ, бұл жерде тек жалғыз Темірланның емес, нағыз команданың жеңісі деген болар едім. Себебі, Селтик Парктегі 90 минут, Орталық стадионындағы 120 минут алматылық команданың нағыз ауызбіршілігін көрсетті. Нәтижесінде, команда дегеніне жетті. Ойын алдында Дастан Сәтпаев кездесуде командаға көмектесе алмайды деп бір қынжылған едік, ойын соңында тағы бір өз азаматымыздың бағының жанғанына куәгер болдық. Тарихта ойын емес, нәтиже қалатынын ескерсек, кешегі ойынға пікір білдірудің де қажеті жоқ деген ойдамын, - дейді футбол сарапшысы Асқар Хамиденов.
Пенальти сериясы – Темірланның жұлдызды сәті
Алматылық қақпашы Темірлан Анарбеков үшін бұл түн спорттық мансабындағы жұлдызды сәтке айналды. Бар болғаны 21 жастағы қосалқы құрамдағы қақпашы алаңға сенімді шығып, тәжірибелі қарсыласқа төтеп берді. Бірінші соққыны қайтарған Темірлан жанкүйерлердің рухын бір көтерді. Демін ішке тартып, екінші соққыны күткен футболсүйер қауымның сенімі ақталды. Тағы да сейв. Шешуші сәттегі тыныштық. Жапониялық легионер соққы жасаған, бірақ Анарбеков үшінші рет құтқарып, қазақ еліне жеңіс сыйлады.
Қайрат командасының жетекшісі ойын соңында: "Оларда тарих болса, бізде болашақ" деген тамаша пікір білдірді. Бұл біздің басқа командаларға да тікелей жолданған мессендж деп түсіндім. Себебі алматылық ұжым бұл жолда УЕФА стандарттарына сай келетін, жалпы кәсіби клубқа қажетті стадионнан басқаның барлығын жасап барып қадам басқаны қуантады. Егер еліміздегі басқа ұжымдар осындай жолда әрекет етпесе алдағы 10-20 тіпті, 30 жылда "Қайраттың" дәурені жүретіні анық. Елімізде инфрақұрылымды арттырмай, балалар академиясын салмай, УЕФА стандартына сай стадиондардың қатары артпай, нәтижені тұрақты ұстап тұру қиын. Бірақ, "Қайрат" осы жолда ең үлкен қадам жасады. Енді алматылық ұжымға керегі тек – стадион. Алдағы уақытта осы мәселе шешімін табатын болса, онда "Қайраттың" сөзсіз еуропадағы жаңа дәуірі мен дәурені ұзақ жолға айналатыны анық, - дейді Асқар Хамиденов.
Тарихи жеңіс
Тұтас елді қуанышқа бөлеген пенальти сериясы 3:2 есебімен аяқталды. Бұл – Алматы клубының ғана емес, Қазақстан футболының да тарихи жетістігі.
"Қайратты", жалпы Қазақстан жанкүйерлерін жүректен құттықтаймын. Бұл жаңа сипаттағы үлкен жетістік болды. Негізгі құрамда ойнағандар да, қосалқы құрамнан шыққандар да бар бәрі еңбек сіңірді. Бұл "Қайраттың" соңғы жылдардағы ең тамаша жетістіктерінің бірі. Енді бұйырса, жігіттер Чемпиондар лигасының келесі кезеңдерінде де Қазақстанды жарқыратып көрсетеді деп сенемін, - деді Есей Жеңісұлы.