Еуропаны ескерткен адам

Әділ Ахметовтің мерейтойына орай ой-толғау.

 кейіпкердің жеке мұрағаты Бүгiн 2026, 12:30
Бүгiн 2026, 12:30
100
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

2011 жылдың жазында Норвегиядан жеткен суыт хабарлар Еуропаны дүр сілкіндірді.

Әуелі – Осло үкіметтік кварталындағы жарылыс. Артынша – Үтөйя (норвег тілінде Utøya дәл осылай айтылады) аралындағы жасөспірімдердің жаппай қырғынға ұшырауы.

Алғашқы сағаттарда көпшілік әдеттегідей «исламшыл ізді» іздей бастады. Алайда лаңкес этникалық норвег – әсіре оңшыл радикал Андерс Брейвик болып шықты.

Бірақ кейбір сарапшылар үшін бұл оқиға Еуропада мұсылмандарға, мигранттарға және «өзгеге» деген өшпенділіктің біртіндеп саяси негізгі ағымның бір бөлігіне айналып бара жатқанын аңғартқан алаңдатарлық белгі болды.

Осы жайында халықаралық деңгейде ашық пікір айтқан тұлғалардың бірі – қазақстандық сенатор, дипломат әрі ғалым Әділ Ахметов болатын.

Сол жылдары ол ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының мұсылмандарға қатысты төзбеушілік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі жеке өкілі қызметін атқарды. Атауы бюрократиялық естілгенімен, бұл қызмет үлкен саяси және моральдық жауапкершілікті талап ететін. Әсіресе Еуропада көші-қонға байланысты үрей, оңшыл популизм және терроризмге қарсы жаһандық соғыстың салдары қатар өршіген кезеңде.

Норвегиядағы қайғылы оқиғадан кейін Ахметов арнайы мәлімдеме жасап, мұндай қылмыстарды «жекелеген шеткері тұлғалардың әрекеті» ретінде қарастыруға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, ЕҚЫҰ мемлекеттері мәселенің тереңіне үңіліп, қоғам мен саясатта біртіндеп қалыптасып келе жатқан ксенофобия мен төзбеушілік ахуалына назар аударуы тиіс еді.

Сол кезде бұл мәселенің ауқымын толық мойындауға дайын адамдар көп болмады. Бірақ бүгінде Ахметовтың сөздері айрықша өзекті естіледі.

Бірақ ол жылдары Ахметов ЕҚЫҰ-ның толеранттылық мәселелері жөніндегі өкілі ғана емес еді. 2010 жылдың сәуірінде Қырғызстандағы жаппай толқулар кезінде Әділ Ахметов сол кездегі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының арнайы өкілі ретінде Бішкекке барып, дағдарысты реттеуге тартылған халықаралық ұйымдар өкілдерінің құрамында уақытша үкіметпен келіссөздерге қатысты.

Сол жылдары Венада қызмет атқарып жүргенімде, оның жасы біразға келсе де, бір мезетте бірнеше күрделі бағытты қатар алып жүргеніне жиі таңғалатынмын: халықаралық қызмет, парламент жұмысы, академиялық орта және қоғамдық дипломатия.

Әділ Ахметовтің өмір жолы бір мақаланың аясын сыйдырмайды. Ғалым, ректор, дипломат, сенатор, Солтүстік Еуропадағы Қазақстан елшісі, түркі әлемін зерттеуші – осының әрқайсысы жеке әңгімеге арқау боларлық.

Әділ Құманжанұлы бүгін де ой үстіндегі, ізденістегі адамдардың қатарында. Бірақ бұл мақалада мен оның толық өмірбаянын емес, өзім есте сақтаған кейбір сәттерді ғана айтқым келеді.

«Инязға» арналған дискотека

Менің буыным үшін Ахметов – тек сенатор немесе дипломат қана емес. Ең алдымен – Абылай хан атындағы университеттің, бұрынғы «иняздың» ректоры. Жастармен арада қашықтық қоймай сөйлесе алатын академиялық ортаның адамы еді.

Бірде студент кезімде ол мені алғашқы саяси мақалаларымды талқылауға шақырды. Әңгіме өте салмақты өрбіді. Ахметов дипломатия, мемлекеттік қызмет жайында айтып, менің жазбаларымды Сыртқы істер министрлігінде де байқап жүргенін, болашағыма байыппен қарауым керектігін жеткізді.

Ал менің ойым ол кезде мүлде басқа жақта болатын.

Ректормен мұндай ашық әңгіме күнде бола бермейді ғой. Мен де біртүрлі балаңдықпен:

Әділ Құрманжанұлы, университетте концерт пен дискотека өткізуге лайықты аппаратура жоқ. Музыкалық аспаптар да жетіспейді. Мұндай оқу орны үшін бұл жараспайды, – дедім.

Сосын:

Бізбен бірге Дильназ Ахмадиева оқиды, бірақ оған да дұрыс дыбыс қоя алмай жүрміз, – деп қостым.

Ахметов бірден екі проректорды шақырды. Сабырлы түрде тапсырмаларын берді. Арада бір апта өтпей жатып, біз жаңа аппаратура сатып алумен айналысып кеттік.

Дильназ жаңа мини-диск ойнатқышын көргенде жай қуанған жоқ – оны құшақтап сүйіп алғаны әлі есімде. Сол жылғы «Студенттік көктем» фестивалі ерекше өтті. Бірақ ең қызығы кейін болды.

Проректорлар шығып кеткен соң, Ахметов әңгімені қайтадан саясат пен дипломатияға бұрды.

Концерттің жақсы екенін айтты. Бірақ өмірде одан да маңызды дүниелер барын ескертті.

Сол сәтте мен оның буынына тән бір қасиетті анық сезіндім: жастарды қолдай отырып, оларды білдірмей дұрыс бағытқа бұра білу.

Сенатор үшін аудармашы

Келесі оқиға мен Сенатта баспасөз хатшысы болып жүрген кезде болды.

Бір күні Ахметовке шетелдік делегация келді. Ол маған телефон шалып, баяғы «иняздық» жақындықпен:

Мен қазақша сөйлеймін, сен ағылшынға аудар. Шетелдіктер біздің тілімізді естісін. Бұл – біздің қадіріміз, – деді.

Мен:

Әділ аға, толық келісемін. Өзім де қуана істер едім. Бірақ Сенат Төрағасы өзінің баспасөз хатшысы тікелей қызметінің орнына депутаттың кездесуінде аудармашы болып жүргенін естісе, не дер екен? – деп жауап бердім.

Ахметов күліп, халықаралық бөлімнен аудармашы алуға келісті.

Дегенмен кездесуге мен де бардым – ұстазымды қолдағым келді.

Ресми бөлім аяқталған соң, делегация мүшелерін таңғалдырған бір нәрсе болды. Қазақ тілінде сөйлеп отырған Ахметов кейін еш қиындықсыз ағылшын тіліне көшіп, қонақтармен ұзақ уақыт еркін әңгімелесті.

Әділ Ахметовтің болмысы дәл осындай. Табиғи мәдени қадір-қасиет. Біреуге өзін дәлелдеуге тырыспау. Қазақ тілі мен қазақи интеллектуалдық дәстүрдің халықаралық кеңістікте еркін естілуі тиіс екеніне деген сенім.

Әл-Фараби мен Хейердал арасында

Жылдар өте Ахметов Ослоға символикалық түрде қайта оралғандай болды. Бірақ бұл жолы – ЕҚЫҰ өкілі ретінде емес, ғалым ретінде.

Біздің бастамамызбен Норвегияның беделді «Vårt Land» газетінде Ахметовтың Әл-Фараби философиясы мен қазіргі идеализм дағдарысы туралы мақаласы жарық көрді. Мақала ұлы ойшылдың 1150 жылдығына арналды. Ол Әл-Фарабидің «қайырымды қала» туралы идеясын қазіргі әлеммен байланыстыра қарастырады. Бұл идеяның утопиялық сипатын түсіне отырып та, ол адамзат идеалдан бас тартпауы керек деп жазды.

Норвегияда жұмыс істеген кезімде Ахметов мені де Скандинавия мен түркі әлемінің ежелгі байланыстарын тереңірек зерттеуге үнемі ынталандыратын. Лингвистика бойынша материалдар жинадым, Тур Хейердалдың ізбасарларымен жұмыс істедім, викингтердің тұрмысы мен мәдени жәдігерлерін зерттедім. Бір жолы Әділ ағам мені Норвегияның батысына арнайы жіберіп, Тангархауг (Тәңірқорған) қорғанын тауып, барынша көп материал жинап келуді тапсырды. Бәлкім, бір күні сол жазбалар мен архивтерге қайта оралармын...

Бүгінде әлем қайтадан поляризация мен өзара сенімсіздік дәуірін бастан өткеріп жатқан кезде, тіл, мәдениет және диалогтың үлкен саясаттан кем түспейтін күш екеніне шын сенетін Әділ Ахметов секілді адамдардың қадірін тереңірек түсіне түсесің.

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, дипломат, халықаралық қатынастар маманы

Наверх