Ақтөбеде еуропалық әдіспен өсірілген құлпынай сатылымға шықты

15 Қыркүйек 2019, 16:36
3474
Бөлісу:
Ақтөбеде еуропалық әдіспен өсірілген құлпынай сатылымға шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тың технологиямен жабдықталған жылыжай өнімі жоғары сұранысқа ие. Бұл туралы 24.kz сайтында хабарланды. 

Бұл мемлекеттік қолдау нәтижесінде жүзеге асқан жоба. Құлпынай өсіріп, жергілікті нарықты қамту үшін 700 млн теңге қарастырылған. Нәтижесінде бір гектардан астам алқапқа польшалық әдіспен жидек егілді. Былтыр 40 мың түп көшет отырғызылса, биылғы жазда оның көлемі біраз ұлғайды. Ең бастысы, әдеттегідей жылына тек бір рет емес, мамырдан қарашаға дейін құлпынай жинауға болады. 

Жоба толық іске асқан кезде бір маусымда мың тоннадан астам өнім алу жоспарда бар. Бұл істі қолға алған кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай жобаның ТМД елдерінде теңдесі жоқ. Алдағы уақытта отандық өніммен республикамыздың батыс аймағы мен көрші елдердің нарығын қамту көзделіп отыр. 

«Құлпынайды біз калифорниялық селекциядан егіп жатырмыз. Себебі, Калифорнияның сорттары Ақтөбе өңіріне жақсы келеді. Технологияның ерекшелігі – бір гектарға 300 мың көшетке дейін егуге болады. Жылыжай болғаннан кейін ыстықты, ылғалды ұстап тұра аламыз. Сол себепті біз егуді ерте бастай аламыз.Осы жылыжайдан ақпан, наурыз айларынан желтоқсан айына дейін өнімді алуға болады», - дейді кәсіпкер Азамат Жексенбиев.

Өзгелердің жаңалығы