Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенатта «ҚР Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «ҚР Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, жан-жақты талқыланды.Отырыста ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баяндама жасады. Оның айтуынша, ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілету саясатының арқасында еліміз осы саланың көшбасшысы саналады. Бүгінгі күні Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта белсенді түрде пайдаланып келеді.
"Қазақстан Республикасының атом саласы - технологиялық әлеуетті дамыту жағынан болашағы зор салалардың бірі. Қазіргі уақытта біздің ғылыми-техникалық, адами әлеуетіміз ядролық физика және қолданбалы зерттеулер саласының ең маңызды проблемаларын шеше алады. Жалпы, бұл саладағы жетістіктеріміз бізге дамыған елдермен тең жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді", - деді Сұңғат Есімханов.
Вице-министр халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық еліміз үшін аса тиімді екенін айтты. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен ынтымақтастық дамып келе жатқанын атап өтті.
Атап өтсек, Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) - қарапайым бөлшектер физикасын зерттеу саласындағы әлемдегі жетекші ұйым. Қазір CERN кеңесінің құрамына 23 ел кіреді. Кейбір елдер мен халықаралық ұйымдар ұйым жұмысына бақылаушы ретінде қатысады. Бүкіл әлем бойынша мыңдаған ғалымы бар.
"CERN-мен ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру мақсатында 2018 жылдың маусымында Женевада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты келісімге қол қойылды. Осы келісімді ратификациялау ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға жағдай жасайды", - деді Есімханов.
Аталған заң жобасы Сенаттың жалпы отырысының қарауына жіберілді.