Еуропада биылғы қысқа газ қоры былтырғыдан төмен деңгейде басталды. Қатты суық орнаған жағдайда ЕО елдерінде газ тапшылығы сұраныстың 12–15%-ына дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Еуропаның газ тасымалдау жүйелері операторларының қауымдастығы (ENTSOG) мәлімдеді.
1 қазанда ЕО-дағы газ қоймаларының толымдылығы 72% болған. Былтыр бұл көрсеткіш 83%-ды құраған. Сарапшылар газ айдау маусымын күрделі деп бағалап отыр.
Еуропа Ресей газына тәуелділігін азайтқанымен, СТГ импортына тәуелділігі артып келеді. АҚШ қазір ЕО-ның негізгі СТГ жеткізушілерінің бірі. Алайда әлемдік нарықтағы жеткізілім шектелсе, 2027 жылдың наурызына қарай Еуропадағы газ қоры 13%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Ормуз бұғазындағы жағдай да газ нарығына қысым жасап отыр. Катар мен БАӘ-ден СТГ экспортының шектелуі Еуропа мен Азия арасындағы бәсекені күшейтіп, бағаның құбылмалылығын арттырған.
Еурокомиссия елдерге 1 қарашаға дейін газ қоймаларын 75–80%-ға толтыруға уақытша рұқсат берді. Бұл ретте қатты қыс пен ірі газ инфрақұрылымындағы ақаулар Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінде жеткізілім тапшылығын күшейтуі мүмкін.
Бейсенбіде TTF хабындағы газ фьючерстері 1 МВт·сағ үшін 79,80–80,22 еуро аралығында саудаланды.