Франция, Италия және Испанияда ірі орман өрті әлі де жалғасуда. Табиғи апат салдарынан өрт сөндірушілер арасында қаза тапқандар бар. Өрттен зардап шеккен жергілікті тұрғындар мен туристер баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болуда.
Францияда тілсіз жаудың таралуына байланысты 12 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Олардың 10 мыңға жуығы – туристер.
Францияда не болып жатыр?
Елдің оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде өрт 2 мың гектарға жуық орманды жойып жіберді. Ең көп зардап шеккен аймақ – Бордо қаласына жақын орналасқан Ле-Порж жағалаулық коммунасы.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қою түтіннің кесірінен бұл аймақтағы аспан сары-қызғылт түске боялған. Өңірде «қызыл» қауіп төтенше деңгейі енгізіліп, орманды аймақтардың бір бөлігі тұрғындар үшін жабылды.
Бордо-Мериньяк әуежайы маңындағы өртті өшіру кезінде екі өрт сөндіруші қаза тапты. Өрттің шығу себептері ресми түрде әлі анықталған жоқ. Дегенмен өрт орман жолдарын тазалауға пайдаланылған техникадан шығуы мүмкін деген нұсқа қарастырылуда.
Италия неге өртеніп жатыр?
Италияда да жағдай өте күрделі. Сицилияда 350-ден астам өрт ошағы тіркелді. Олардың бір бөлігі әлі де жойқын күшінде қалып отыр.
Сан-Катальдодағы өртті өшіру кезінде бір өрт сөндіруші қаза тауып, тағы бір құтқарушы жарақат алды.
Аймақ билігі көптеген өрт ошағының адам факторынан туындауы мүмкін екенін хабарлауда. Кейбір аудандарда қасақана өрт қою жағдайлары да тіркелген.
Испаниядағы ахуал қандай?
Өрт Испанияны да шарпыды. Мадрид төңірегіндегі тұрғындардың бір бөлігі эвакуацияланғанымен, кейбіреулеріне үйлеріне оралуға рұқсат берілді.
Ең ірі өрттің бірі Гвадалахара провинциясында болды. Онда тілсіз жау 32 мың гектарға жуық аумақты шарпыған. Билік өртті өшіруді жалғастыруда. Бұл жұмыстарға өрт сөндіру бөлімшелері мен авиация тартылды.
Синоптиктер жоғары температураға байланысты ел тұрғындарына жаңа өрт ошақтарының пайда болу қаупі жоғары екенін ескертті.
Мұның себебі неде?
Мамандардың айтуынша, температураның көтерілуі мен созылмалы ыстық толқындары ауқымды орман өрттерінің жиілеуіне қолайлы жағдай жасайды.
Ғалымдардың пікірінше, климаттың өзгеруі аптап ыстық пен табиғи өрттерді қамтитын экстремалды ауа райы құбылыстарының ықтималдығын арттырады.
Солтүстік Америкадағы жағдай
Бұған дейін Канаданың Британдық Колумбия провинциясының билігі АҚШ-тың солтүстік-батысындағы орман өртінен шыққан түтініне байланысты ауа сапасының нашарлайтынын ескерткен болатын.
Өңірлік өртпен күрес қызметінің мәліметінше, түтін қазіргі уақытта ондаған ірі өрт ошақтары болып жатқан америкалық Вашингтон және Орегон штаттарынан таралуда.
АҚШ-тың Солтүстік-Батыс ведомствоаралық үйлестіру орталығының ақпараты бойынша, бұл екі штатта 22 ірі орман өртi тіркелген.
Сонымен қатар Канаданың өзінде де күрделі жағдай сақталып отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, елде 900-ден астам орман өрті болса, олардың 130-ға жуығы әлі ауыздықталмаған.