Еуропада аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам көз жұмды

Сарапшылар маусым айының соңындағы аптап ыстықтан болған өлім-жітімнің күрт артуын тіркеді.

 istockphoto.com 13 Шілде 2026, 14:54
13 Шілде 2026, 14:54
165
Фото: istockphoto.com

Маусым айының соңында болған рекордтық ыстық салдарынан мыңдаған адам көз жұмды. ДДҰ мұндай құбылысты «жаңа климаттық шындық» деп бағалап отыр.

Еуропаны маусым айының соңында жайлаған аномальды ыстықтың салдары ауыр болды. Алдын ала есеп бойынша, өңірде 10 мыңнан астам адам аптап ыстықтың құрбанына айналған. Бұл туралы Deutsche Welle EuroMOMO ұйымының зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады.

Ең көп адам қай елдерде көз жұмды?

EuroMOMO мамандары Еуропаның 27 еліндегі өлім-жітім көрсеткіштерін саралаған. Нәтижесінде маусымның соңғы аптасында ең жоғары көрсеткіш Франция мен Бельгияда тіркелгені анықталды.

Зерттеу деректеріне сәйкес, қайтыс болғандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан азаматтар.

Германияда Роберт Кох институтының мәліметі бойынша, маусым айының соңына дейін ыстықтың әсерінен шамамен 5 100 адам көз жұмған. Соның ішінде 4 310 өлім-жітім 22–28 маусым аралығында тіркелген. Қаза болғандардың 80 пайыздан астамы 75 жастан асқан адамдар. Сарапшылардың айтуынша, егде жастағы әйелдердің саны көбірек болғандықтан, құрбандар арасында әйелдер үлесі басым.

Ал Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу Англия мен Уэльсте маусым айының соңындағы аптап ыстықтан шамамен 2 700 адамның қайтыс болғанын көрсетті.

Сарапшылар Еуропаның ірі қалаларындағы жағдайды да жеке талдаған. Олардың есебіне сәйкес, 12 мегаполисте ыстықтың салдарынан 2 300 адам көз жұмған. Ең ауыр жағдай Милан, Париж және Барселона қалаларында тіркелген.

Климаттың өзгеруі жаңа қауіпке айналды

Биылғы маусым Еуропадағы бақылау тарихындағы ең ыстық айлардың бірі ретінде тіркелді. Аномальды жоғары температура Батыс, Орталық және Оңтүстік Еуропаны, сондай-ақ Балқан түбегінің бір бөлігін қамтыды.

Аптап ыстықтан кейін бірнеше мемлекетте ірі орман өрттері тұтанып, төтенше жағдайлар саны артты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қалыптасқан ахуалды «жаңа климаттық шындық» деп сипаттап отыр. Ұйымның бағалауынша, экстремалды ыстық толқындары енді сирек кездесетін құбылыс емес, климаттың өзгеруімен байланысты жиілеп келе жатқан қауіптің біріне айналған.

Наверх