АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Брюссельге НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуіне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі The New Yorh Times басылымына сілтеме жасап.
Бұл сапар Трамп әкімшілігінің Еуропамен қарым-қатынасына, соның ішінде Украинадағы соғысқа, Ресеймен байланысқа және Трамптың Еуропамен сауда соғысының өршуіне байланысты алаңдаушылығының артуымен тұспа-тұс келіп отыр.
АҚШ пен Еуропа арасындағы Байден дәуіріндегі тығыз ынтымақтастық Трамп тұсында сенімсіздік пен қайшылыққа ұласты.
Дегенмен НАТО шенеуніктері Рубиомен кездесуге мүмкіндік алғанына қуануы мүмкін. Өйткені ол Трамптың ұлттық қауіпсіздік тобындағы альянсты барынша қолдайтын тұлғалардың бірі саналады.
2023 жылы Флорида штатынан сенатор болған кезінде Рубио АҚШ президентіне НАТО-дан шығу үшін Сенаттың мақұлдауын алуды міндеттейтін заң жобасын бірлесіп ұсынған. Бұрынғы көмекшілерінің айтуынша, Трамп бұл қадам туралы жеке әңгімелерінде ой бөліскен. Бұл Ресейге қарсы 32 елдің басын біріктірген әскери альянстың күйреуіне әкелуі мүмкін.