Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуроодақтың алты айлық ауыспалы жетекшілігі 1 қаңтарда Францияға өтті. Мұның алдында Париж бұл қызметті 14 жыл бұрын атқарған.
Азаттықтың мәліметіне қарағанда, Франция президенті Эммануэль Макрон Еуроодақты әлемдік алпауытқа айналдыруға, одаққа мүше 27 елдің қарым-қатынасын күшейтуге шақырып келген.
Біз ынтымақтастық Еуропасынан толыққанды егемен, таңдауында еркін, өз тағдырын өзі шешетін қуатты Еуропаға айналуымыз керек - деді Макрон желтоқсанның басында айтқан сөзінде. Осы сөзінде ол Францияның Еуроодақ жетекшілігіндегі жоспарын айтқан.
Франция одақтың «стратегиялық егемендігін» арттыруды ұсынып отыр. Бұл – одақ мүддесіне келгенде АҚШ-та қарамай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Макрон сондай-ақ Еуроодақтың қорғаныс қабілетін нығайтып, бұл істе тек АҚШ-қа сүйеніп отыра бермеуді ұсынды. Бірақ АҚШ пен Еуроодақ шенділері «стратегиялық егемендік» пен Еуропа қорғаныс жобалары НАТО-ны алмастырмай, онымен бірге жұмыс істей алады деп отыр.
Сонымен қатар Франция одаққа мүше елдер арасындағы координацияны күшейтіп, одақтың шекарасындағы дағдарысқа шұғыл жауап қайтару ісін қолға алуды ұсынады.
Ресми Париж ұсыныстарының арасында төменгі жалақыны көтеру, цифрлық алпауыттардың жұмысын реттеу, қоршаған ортаны қорғау секілді мәселелер бар.
Францияның Еуроодақтағы жетекшілігі елдегі президент сайлауымен тұспа-тұс келіп отыр. Сайлау сәуірде өтеді. Екінші мерзімге талпынатын болса, бұл жағдай Макронға артықшылық беруі мүмкін. Ол өзін Еуроодақтың де-факто лидері ретінде көрсете алады.
2022 жыл Еуропа үшін бетбұрыс жылы болуы тиіс - деді ол жаңа жыл қарсаңындағы жолдауында.
Франция 10-11 наурыз күндері, президент сайлауынан бір ай бұрын Парижде Еуроодақ саммитін өткізуді жоспарлап отыр.
Еуроодақ президенттігі оған платформа болып, оған қарсыластарынан өзгешеленуіне мүмкіндік береді - деді Берлиндегі Марк-Блох орталығының сарапшысы Клэр Демесмей AFP агенттігіне.