Еуроодақта электр желілерін басқару құқығы үшін дау күшейді

Еурокомиссия электр тарифтерін есептеудің ортақ әдістемесін енгізіп, тұтынушыларды электр энергиясын жоғары жүктеме уақытынан тыс пайдалануға ынталандыруды ұсынды.

 pixabay 25 Қыркүйек 2026, 04:27
25 Қыркүйек 2026, 04:27
140
Фото: pixabay

Еуропалық Одаққа мүше елдер Брюссельдің электр желілерін жаңғырту және тарифтерді реформалау жөніндегі ұсыныстарына бірқатар өзгеріс енгізуді талап етіп отыр. Елдер ұлттық реттеушілерге энергетикалық жүйелерді басқаруда көбірек еркіндік беруді көздейді.

Euronews-тің мәліметінше, ЕО электрлендіруді жеделдетіп, үй шаруашылықтары мен бизнестің қазба отынынан электр энергиясына көшуін ынталандырмақ. Бұл ретте деректер орталықтары, жылу сорғылары, электромобильдер мен өнеркәсіптің дамуы электр энергиясына сұранысты арттыруы мүмкін.

Алайда желілерді кеңейту мен ұстау шығындары тұтынушылардың төлеміне әсер етеді. ЕО мәліметінше, желі қызметтерінің құны үй шаруашылықтарының электр энергиясы үшін жалпы төлемінің 27%-ын, ал бизнес үшін 21%-ын құрайды. Салықтар мен алымдар тиісінше 24% және 16% шамасында.

Еурокомиссия электр тарифтерін есептеудің ортақ әдістемесін енгізіп, тұтынушыларды электр энергиясын жоғары жүктеме уақытынан тыс пайдалануға ынталандыруды ұсынды. Сонымен қатар жаңа нысандарды желіге қосу кезінде басымдық берудің ортақ қағидаларын қарастыруда.

Бірқатар елдер, соның ішінде Франция, Германия, Италия, Польша, Испания және Нидерланды, жаңа талаптардың міндетті емес, ұсынымдық сипатта болғанын қалайды. Олар ұлттық ерекшеліктерді ескеруге мүмкіндік беретін икемді тәсілді қолдайды.

Тағы бір пікірталас электр желілеріне қосылуға қатысты. ЕО елдерінде зауыттар, жаңартылатын энергия нысандары мен деректер орталықтары шектеулі желілік қуат үшін бәсекелесіп жатыр. Кейбір мемлекеттер мұндай жобаларға басымдық беру мәселесінде үкіметтердің рөлін күшейтуді ұсынады.

Келіссөздерде электр желілерін жаңғырту шығындарын бөлу, тарифтерді есептеу және жаңа нысандарды желіге қосу тәртібі бойынша ортақ шешім іздестіріліп жатыр.

Наверх