Еуропалық одақ ұйымға жаңадан қосылатын елдерге қойылатын талаптарды қатаңдатуды жоспарлап отыр. Жаңа тәртіп бойынша, одаққа мүше болған мемлекеттер 15 жыл бойы қосымша бақылауда болуы мүмкін. Осы кезеңде олар дауыс беру құқығынан және ЕО-ның ортақ қорынан қаржыландыру алу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Бұл туралы BAQ.KZ Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Еуропалық комиссия ұйымның жаңа мүшелеріне ерекше мәртебе беруді көздейтін тетік әзірлеп жатыр. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, елдер Еуроодаққа кіргеннен кейін 15 жыл бойы Брюссельдің қосымша бақылауында болады.
Осы уақыт ішінде Еурокомиссия олардың ЕО Кеңесіндегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуын шектей алады. Сондай-ақ ортақ бюджеттен бөлінетін қаржыны тоқтатуға құқылы болады. Мұндай шаралар мемлекет демократиялық қағидаттардан бас тартқан немесе одақтың басқа мүшелерімен адал ынтымақтастық жасау жөніндегі міндеттемелерін бұзған жағдайда қолданылмақ.
Басылымның мәліметінше, жаңа талаптар алдағы күндері ресми түрде таныстырылуы мүмкін. Еуроодаққа қосылуға үміткер елдер үшін таңдау шектеулі болады: Брюссель ұсынған шарттарды қабылдау немесе мүшелікке өту үдерісін жалғастырудан бас тарту.
Жаңа талаптармен алғаш болып Черногория бетпе-бет келуі мүмкін. Кейін осындай ережелер Албания, Молдова және Украинамен жасалатын мүшелікке қабылдау жөніндегі келісімдерге де енгізілуі ықтимал.
Еуроодақтың бұл бастамасына Венгриямен және Польшаның бұрынғы үкіметімен арадағы ұзақ жылдарға созылған келіспеушіліктер себеп болған.
Қолданыстағы Еуропалық одақ туралы шарттың 7-бабында негізгі қағидаттарды өрескел бұзған мемлекеттен дауыс беру құқығын алып қою мүмкіндігі қарастырылған. Алайда іс жүзінде бұл тетік тиімді жұмыс істемеген.
Басты кедергі – мұндай шешім қабылдау үшін ЕО-ға мүше қалған мемлекеттердің бірауыздан қолдауы қажет. Бұған дейін Венгрия мен Польша бір-бірін вето құқығын пайдалану арқылы қорғап, Брюссельдің тиісті шараларды жүзеге асыруына кедергі келтірген.