Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бағытын дәйекті қолдауға мүдделі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство басшысы елімізде аккредиттелген Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілерімен кездескен болатын.
Кездесуде инвестициялық, сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру, «қаңтар қасіретінен» кейінгі елдегі қазіргі ахуал, сондай-ақ одан әрі екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың басымдықтары талқыға түсті.
Өз сөзінде министр еуропалық тарапты ел басшылығының «қайғылы қаңтар» салдары аясында Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі тәсілдері туралы хабардар етті. Сондай-ақ мемлекеттің одан әрі демократиялық қайта құру бағытына бейілділігін растады.
Еуропалық одақпен біз сенімге, өзара құрметке және ортақ басымдықтарға негізделген берік қатынастар орнаттық. Бұл қатынастар жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сенімді серіктестікпен, серпінді сауда ынтымақтастығымен, сондай-ақ берік саяси байланыстармен нығайтылуда, - деп атап өтті министр.
Іс-шара аясында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов еуропалық дипломаттарды еліміздің 2021 жылғы экономикалық дамуының негізгі қорытындыларымен таныстырды. Сонымен қатар елдегі қаңтар айындағы оқиғалар аясында Үкімет алдына қойылған өзекті міндеттерге жеке тоқталды.
Президент Тоқаев бірқатар маңызды бастаманы ұсынды, оларды іске асыру еліміздің жаңа экономикалық іргетасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі инклюзивті экономикалық өсуді ынталандыруға, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын» келісу және бекіту бойынша белсенді жұмыс істеуде, - деп атап өтті өз сөзінде вице-министр.
ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы елші Кестас Янкаускас атап өткендей, «Қазақстан Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы өте маңызды әріптесі және елдің одан әрі дамуына, әсіресе саяси реформалар мен демократияландыруға қатысты мәселелерді берік қолдауға ниеттіміз». Елшінің айтуынша, «Еуропалық әріптестер жақында болған оқиғалардың кешенді сипатын да түсінеді». Осыған байланысты объективті тергеу жүргізудің маңыздылығын атап өтті және Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдарының тергеудің алдын ала нәтижелерін жария етуін күтуде. Осы тұрғыда кездесуде Бас прокуратура тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде жол берілген бұзушылықтар туралы шағымдар бойынша 170 қылмыстық іс қозғағаны туралы ақпарат ерекше атап өтілді.
Франция елшісі Дидье Канэсстің айтуынша, «Еуропалық кеңестегі француз төрағалығы (2022 жылдың бірінші жартысында) біз үшін Орталық Азиядағы негізгі әріптес болып табылатын Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған». Төрағалықтың өңірлік басымдықтары арасында ол Қазақстандағы одан арғы демократиялық өзгерістер саласындағы күн тәртібін қоса алғанда, ЕО мен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін толық іске асыруды; «ковидтан кейінгі» экономика мен инвестициялық ахуалды қалпына келтіруді; «жасыл» экономиканы құруды; Орталық Азияда және Еуропамен көлік саласындағы тұрақты өзара байланыстылықты қамтамасыз етуді атады.
Одан әрі пікір алмасу барысында еуропалық дипломаттар еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар бағдарламасына қолдау білдіріп, ЕО-ның қазақстан-еуропалық әріптестікті нығайту үшін заң үстемдігі мен демократияландыру мәселелерінде Қазақстанмен одан әрі сындарлы диалог жүргізуге әзір екенін атап өтті.
Осы тұрғыда билік пен азаматтық қоғамның, оның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі және СІМ жанындағы консультативтік-кеңесші орган «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» сияқты алаңдарды қолдану арқылы тиімді өзара іс-қимылының маңызды рөлі атап өтілді. Жалпы алғанда, кездесу екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылауға және саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді