Еуропалық комиссия Газа секторындағы әскери операциялар мен Батыс жағалаудағы қоныстану саясатына байланысты Израильге қарсы жаңа санкциялар пакетін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Ұсыныстарға Израильдің екі министріне – қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир мен қаржы министрі Безалель Смотричке, сондай-ақ агрессивті қоныстанушыларға және бірнеше ұйымға шектеу шараларын енгізу кіреді. Сонымен қатар, ХАМАС-тың он мүшесіне де санкциялар қарастырылған.
ЕО жоспары Израильмен жасалған Қауымдастық келісімі бойынша артықшылықты сауда тәртібін тоқтатуды көздейді. Бұл жағдайда Израиль Еуропаға тауар жеткізгенде жылына шамамен 227 млн еуро қосымша баж төлейтін болады. 2024 жылы Израиль мен ЕО арасындағы сауда көлемі 42,6 млрд еуроға жеткен еді.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейеннің айтуынша, мақсат – Израильді жазалау емес, Газа халқының ауыр жағдайын жеңілдету. Ол атысты дереу тоқтатып, гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізу қажеттігін атап өтті.
Алайда Израиль үкіметі ұсынысты айыптап, саясатын өзгертпейтінін мәлімдеді. Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Брюссельді «ХАМАС-қа мүмкіндік берді» деп сынға алды.
Санкциялар пакеті ЕО-ға мүше елдердің білікті көпшілік дауысы арқылы ғана қабылданады. Бірақ Германия мен Италия секілді ірі мемлекеттер бұл бастамаға қарсы болғандықтан, шешімнің қабылдануы күмәнді.
Біз Израильге қысым көрсету арқылы Газа тұрғындарының азабын тоқтатуға тырысамыз. Бірақ шешім мүше елдердің саяси еркіне байланысты, - деді ЕО сыртқы саясат басшысы Кая Каллас.