Елімізде этносаясат ғылыми-зерттеу институты құрылуы мүмкін

27 Ақпан 2020, 14:10
5261
Бөлісу:
Елімізде этносаясат ғылыми-зерттеу институты құрылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері: Сарапшылар пікірі" атты дөңгелек үстел барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев елдегі ұлтаралық қатынастар жайында пікір білдірді. 

Бүгін Қордай оқиғалары мемлекеттік органдардың, ҚХА, сарапшылар мен жұртшылықтың назарында. Ондағы оқиғаларының мәнін түсінуге қатысты арнайы мақалалар дайындадық. Сонымен қатар, күн тәртібіне этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты реформалау туралы мәселе қойылды. 11-14 ақпан аралығында ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің сарапшылар тобы жағдайды зерттеу мақсатында Қордай ауданына барды. 2016 жылы жүргізілген зерттеулер бірқатар ашық және жасырын проблемаларды анықтады. Биылғы сапар олардың әлі сақталғанын көрсетті. Олардың арасында – социомәдени оқшалану, дүнгендердің бөлеу отыруы, жергілікті жастардың жалпықазақстандық әлеуметтік бағдарламалардан алшақтығы, демографиялық өсімге қарамастан әлсіз көші-қон, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы этникалық диспропорция. Этникалық белгілері бойынша белгілі бір әлеуметтік-экономикалық айырмашылық, жер және су ресурстарының тапшылығы бар. Контрабанда, құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық сияқты проблемалардың бар екені байқалды. Дүнген халқының басым бөлігі Қырғызстан мен Қытайдың оқу орындарына, қырғыз ұялы байланыс операторларына және спутниктік теледидарына артықшылық береді. Ресей, Қырғызстан және Қытай телеарналарын қабылдау үшін спутниктік антенналарды пайдаланады. Білім берудің, денсаулық сақтаудың, жерді пайдаланудың шешілмеген проблемалары, әлеуметтік мәселелер, еңбек қатынастары және басқа да аспектілер мемлекеттік шекарада жабық этникалық қоғамдастық құруға алып келді, - деді Жансейіт Түймебаев.

Оның сөзінше, ҚХА бастамасымен этностар жинақы тұратын жерлерде жұмыс жүргізілген болатын. Нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Алайда, қақтығыстардың, мәдени-тілдік оқшауланудың әлеуметтік-экономикалық алғышарттары жойылмаған. 

Ассамблея жұмысының арқасында бірде-бір этнос оқшаулану стратегиясын таңдамады. Ассамблея этностарды қазақстандық азаматтық негізінде біріктіру міндетін орындайды. Сонымен қатар, этносаралық саланы басқаруда жүйелі проблемалар бар. Бұл саланы реттейтін заң жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заң оның қызметін ғана регламенттейтін негіздемелік нормаларды қамтиды. Бізге этносаралық қатынастар тақырыбы бойынша ғылыми-талдамалық, болжамды жұмысты сапалы жаңа деңгейге шығару маңызды. Басшылықтың тапсырмасы бойынша этносаясат мәселелері бойынша жеке ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі зерделенеді. Біз жергілікті жерлердегі жағдайды терең зерделеу үшін этникалық топтардың жинақы тұратын барлық аудандарға сарапшылардың сапарларын ұйымдастырамыз. Биылғы жылы халық санағы жүргізіледі. Осыған байланысты этно-демографиялық дамудың үрдістері мен болжамдары, халықтың интеграциясының перспективалары туралы зерттеулер қажет. Бізге жабық этностардың қазақстандық қоғамының интеграциясы бойынша жаңа зерттеулер қажет, - деді ҚХА орынбасары.
Өзгелердің жаңалығы