«Еститін үкімет» қағидаты Алматыда қалай жүзеге асырылып жатыр?

11 Желтоқсан 2020, 13:39
2092
Бөлісу:
«Еститін үкімет» қағидаты Алматыда қалай жүзеге асырылып жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Алматы қаласын дамыту орталығы» қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры Әлия Жақсылықова онлайн-брифинг өткізіп, Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауына түскен өтініштер туралы айтты.

Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Open Almaty қоғамдық қабылдауын 2017 жылы Алматы қаласын дамыту орталығы ашқан болатын. Орталық осы күні ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұмыс істеп жатыр. 

Әлия Жақсылықованың айтуынша, жыл басынан бері 395,5 өтініш келіп түскен.

Оның ішінде Open Almaty байланыс орталығы (1308, 338-33-88) арқылы 337,6 мың, әлеуметтік желілер арқылы 40,5 мың, оpen-almaty.kz порталы арқылы 15,6 мың өтініш келіп түскен. 2019 жылмен салыстырғанда 206 пайызға көбейіп отыр. Бұл көрсеткіш Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуіне байланысты өсіп отыр, - дейді ол. 

«Алматы қаласын дамыту орталығы» қоғамдық коммуникациялар департаменті директорының айтуынша, 16 наурыздан бастап Open Almaty қала тұрғындарына коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы билік қабылдап жатқан шаралар туралы жедел кеңес беретін байланыс орталығы ретінде жұмыс істейді. 

Өтініштердің көпшілігі азық-түлік және дәрі-дәрмек түріндегі әлеуметтік көмек алу (81,6 мың), Алматыға келу/кету (36,8 мың), орта және мектепке дейінгі білім беру (31,7 мың), жәрдемақы алу (24,3 мың) және Алматыда жүріп-тұру (23 мың) мәселелері туралы болды. ҚР Заңына сәйкес байланыс орталығы, фронт-офис және open-almaty.kz ақпараттық порталы арқылы түскен өтініштер 15 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Егер мемлекеттік орган өкілдерінің оқиға орнына барып, тексеру жүргізуі қажет болса, онда 30 күнтізбелік күн жұмсалады. Әлеуметтік желілердегі өтініштер 3-5 жұмыс күні ішінде қаралады, - деді Әлия Жақсылықова.


Өзгелердің жаңалығы