«Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін басшылар төменгі қабаттағы кабинеттерге жайғасты

9 Желтоқсан 2020, 17:12
2078
Бөлісу:
«Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін басшылар төменгі қабаттағы кабинеттерге жайғасты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысында 937 басшының кабинеті бірінші қабатта орналасқан, 83 басшы шағын кабинетке жайғасты. 

Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Рүстем Ақмырзаев мәлім етті.

Оның айтуынша, облыстық департамент Президенттің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен байланыс орнатып, олардың барынша ашық болуына және қоғам алдында есеп беруіне бағыттылған трансформациялау жұмыстарын қолға алған.

Облыста кедергісіз қызмет көрсетуге арналған 54 фронттық кеңсе мен 7 ашық әкімдік бар. Яғни мемлекеттік қызметшілер халыққа жақындап, тұрғындар қолайлы жағдайда қызмет алуда. Сонымен қатар, 83 ұйым басшысы өз кабинеттерін шағын кабинеттерге ауыстырды. Облыста 1154 мемлекеттік мекеме бар. Ондағы 937 басшының кабинеттері бірінші қабатта орналасқан, яғни 82 пайыз, - деді ол.

Сондай-ақ, департамент басшысы облыста «Ашық бюджет» жобасына қосылып жатқан ұйымдардың саны артып келе жатқанын атап өтті. 

Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекет қаржысының қайда және қалай жұмсалып отырғанын бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі күні мұнда 1018 мекеменің бюджеті орналастырылды. Оның жалпы сомасы 685 млрд теңгені құрайды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы