Қазақстанда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты заң жобасы ескі тұрғын үйлерге қосымша қаржылық жүктеме түсірмейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналистердің бірі ескі тұрғын үйлердің жылу энергиясын көп жоғалтатынын айтып, оларды жаңғыртуға қажетті қаражатты кім бөлетінін сұрады. Сондай-ақ мұндай жұмыстар тұрғындардың өз есебінен жүргізілсе, азаматтарға миллиондаған теңге шығын түсуі мүмкін екенін атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа заң жобасы қолданыстағы тұрғын үй қорына қатысты емес. Құжат аясында энергия тиімділігі класы жаңа ғимараттарды жобалау және сараптамадан өткізу кезеңінде бағаланады. Ал ғимараттарды пайдалану барысында жылу мен электр энергиясын үнемдеу көрсеткіштері ескеріледі.
Қолданыстағы тұрғын үй қорына келсек, Тұрғын үй қатынастары туралы заңда тиісті нормалар бар. Тұрғын үй құрылысының тұжырымдамасына сәйкес, мұндай жұмыстар республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі, – деді Қуандық Қажкенов.
Оның мәліметінше, 2024 жылы сегіз өңірге 13,8 миллиард теңге бөлінген. Ал 2025 және 2026 жылдары жергілікті бюджет есебінен шамамен 1 мың нысанда тиісті жұмыстар атқарылған.
Вице-министрдің түсіндіруінше, тұрғын үйді жаңғырту қажеттілігі пәтер иелерінің жиналысында шешіледі. Олар үйдің шатырын, қасбетін, терезелерін немесе басқа да жабдықтарын ауыстыру мәселесін өзара келіседі. Осы шешімнен кейін жаңғырту жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп, жұмсалған қаражат кейін қайтарылады.