Қарағандыда жергілікті тұрғынның ірі көлемдегі ақшасын ұрлап кеткен екі әйел ұсталды.
Полициядан мәлім еткендей, қылмыс Қазыбек би ауданында болған.
94 жастағы зейнеткердің пәтеріне әлеуметтік қызметкер ретінде танысқан екі әйел келген. Олар жәбірленушіге «ескі үлгідегі ақша белгілерін жаңасына айырбастап жатырмыз» деп айтқан.
Алаяқтықтан сезіктенбеген үй иесі жинап жүрген ақшасының орнын көрсеткен. Шақырылмаған қонақтар кеткеннен кейін зейнеткер 1 миллион теңге көлеміндегі қаражатының жоғалғанын байқаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Жедел уәкілдер күдіктілердің кім екенін анықтап, оларды ұстады. Олар Алматы қаласының тұрғындары болып шықты.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция ұрылардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде мүгедектік топ пен үй кезегіне қатысты «жеңілдіктер» ұсынған алаяқ ұсталды.