Ескертулерді дұрыс орындаған жоқ. Құспан шахтадағы апатқа қатысты пікір айтты

29 Қазан 2023, 15:56
867
Бөлісу:
Ескертулерді дұрыс орындаған жоқ. Құспан шахтадағы апатқа қатысты пікір айтты
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы жағдайға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өзекті өртейтіні – соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» өндіріс ошақтарында болған қайғылы оқиғалар тізбегі көбейді. Осы уақытқа дейін «АрселлорМиттал Теміртауға» қарасты кен орындарында болған апаттан 100-ден аса адам қаза тапқан, 150-ден аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Оның ішінде жарақатының ауырлығынан мүгедек болып қалып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айрылғандары да бар, - деді депутат.

Абзал Құспан атап өткендей, былтыр бір аптаның ішінде бес жұмысшы қаза болды. Биыл тамыз айында «Казахстанская» шахтасында болған өрт салдарынан 4 адам бақилық болды.

Осындай кезде Үкімет қайда қарап отыр деген сұрақ туындауы заңды. Сарапшылардың айтуынша, бұл апаттардың барлығы өндірістік қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүргізіліп, мониторинг жасалды, компания басшылығына талай ескерту жасалды, айыппұлдар салынды. Тамыз айындағы апаттан соң Президент атышулы компанияның орнына басқа инвестор табу туралы Үкіметке тапсырма берген. Түндегі апаттан соң «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық келісімді бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл көпшіліктің көптен күткен жаңалығы болғанымен, мұндай шешім бір күнде қабылданбайды, себебі оның құқықтық астары көп, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Оның айтуына қарағанда, былтырдан бері жүргізілген тексерулер мен бірнеше айдан бергі келіссөздердің нәтижесі осыған әкеліп отыр.

Осы тұста ескеретін бірнеше мәселе бар. «АрселорМиттал»-дың орнына кім келеді? Отандық инвестор болса, құба-құп. Екінші мәселе – компанияға қарасты кен орындарына толық тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл ретте Президенттің апат орнына дереу жетіп, бар жағдайға өзі қанығып, нақты ақпаратты алуы, шұғыл шешім қабылдауы – құптарлық. Тағы бір мәселе – мемлекеттің халықаралық бизнес-қауымдастық алдындағы инвестициялық бет-бейнесін сақтап қалу, Қазақстанның экономикасына қаржысын салуға дайын, өз ісіне адал шетелдік инвесторларды тарту, - деді ол.

Құспанның сөзінше, бұған дейін «АрселорМиттал» кен орындарындағы өндіріс қауіпсіздігін сақтауға қатысты, жергілікті халықтың денсаулығына тигізген зиян мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға қатысты берілген шағымдар мен ескертулерді дұрыс орындаған жоқ.

Мұны дәлелдейтін айғақ жеткілікті. Сонда да онымен келісімшартты біржақты түрде бұзу халықаралық деңгейдегі жанжалға апармауын қадағалау керек. Кеше ғана қамауға алынған экс-министрдің ісінен белгілі: шетелдік кәсіпкер Статимен болған сотта Қазақстан миллиардаған шығынға батты, бірақ сонда да жеңіліске ұшырады. Яғни мемлекет мүддесін кім қалай қорғайды деген мәселені майшаммен қарау керек. Бұл орайда Президенттің кәсіби биліктілігі, халықаралық аренадағы тәжірибесі мен беделі көмек болары сөзсіз, - деп жазды депутат Facebook-тегі парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы