Ескерту VS көше сыпыру: Отбасылық жанжал шығарушылар қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін

18 Қазан 2022, 11:02
863
Бөлісу:
Ескерту VS көше сыпыру: Отбасылық жанжал шығарушылар қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту бойынша шаралар әзірленді. Біріншісі– мұндай фактілерді тіркеу бойынша «өтініш беру сипатынан анықтау сипатына» көшу. Бұл – полицияға жәбірленушінің өтініші болмаса да, әкімшілік іс-жүргізуді бастауға мүмкіндік бередіСоңғы шешімді сот қабылдайды. Екіншіден, тараптардың татуласуына талапты күшейту, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Айтуынша, «дебошир» бірінші рет сотта ғана татуласа алады, ал қайталанса мұндай құқық алынып тасталады.

Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымды тоқтатуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алудың мерзімін 20-дан 25 тәулікке дейін ұзартуды ұсынамыз, - деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларды қоғамдық жұмыстарға тартуды ұсынды. 

Төртіншіден, өздеріңіз білесіз, Конституцияның жаңа өзгерістеріне сәйкес қоғамдық жұмыстарды сот қаулысымен де тағайындауға рұқсат етілді. Осының аясында «ескерту» сияқты жазаны «қоғамдық жұмыстарға» ауыстыруды ұсынамыз. Бұл құқық бұзушы үшін заңды бұзбауға жеткілікті мотивация болады деп санаймыз. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі қоғамдық жұмыстарды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтап жатыр. Әкімдер өз кезегінде қоғамдық жұмыстардың түрлері мен көлемін анықтап, жұмыс орындарын дайындау қажет, - деді министр. 

Сондай-ақ ол тиісті бақылауды Ішкі істер министрлігі жүргізеді деп отыр. 

Бесіншіден, ең жиі жасалатын қылмыстар бойынша «отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға қатысты» деген қосымша саралау белгісін енгізу. 30 қыркүйекте Үкімет жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында бұл ұсыныстар қаралып, мақұлданды. Дегенмен, бұл тек заңнамалық бастамалар. Бұл саладағы жағдайды жақсартуға – барлық уәкілетті органдардың, әкімдіктердің, қоғамның біріккен күшімен ғана қол жеткізе аламыз, - дейді ведомство басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы