Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Ескермей қалдық": Алматыдағы демалыс базасы иттің өліміне айыпталды

Нұрқанат Атажан
11 Тамыз 2025, 10:12
699
Бөлісу:
 Instagram/kare.kz
Фото: Instagram/kare.kz

Алматыдағы демалыс базаларының бірінің аумағынан демалушылар асылып тұрған итті тапқан. Қызметкерлер жануардың абайсызда өлгенін мойындады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға туралы әлеуметтік желіде жануарларды қорғаушылар мәлімдеді.

Балалармен серуендеп жүрген келушілердің бірі асылып тұрған иттің өлексесін көрген. Куәгерлердің айтуынша, жануар ұзақ уақыт бойы тамақ пен сусыз қалып, өлер алдында қиналған болуы мүмкін. Олар күзетке жүгініп, полиция шақыруды сұраған, бірақ жағдай туралы айтпау жөнінде өтініш алған, – деді жануарларды қорғаушылар.

"Ескермей қалдық": Алматыдағы демалыс базасы иттің өліміне айыпталды
Фото: Instagram/kare.kz

Өз кезегінде ойын-сауық кешенінің әкімшілігі Instagram парақшасында итпен болған жағдайды жазатайым оқиға деп түсіндірді.

Бірнеше күн бұрын аумағымызда қаңғыбас ит пайда болды. Біздің қонақтар жануарларға деген көзқарасымызды біледі. Біз жануарларды ерекше қамқорлықпен бағып-қағамыз, қызметкерлеріміз жануарларды қорғау ұйымдарының еріктілері, біз панажайларды физикалық және қаржылай қолдаймыз. 5 тамызда қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін итті уақытша олардан алыста ұстау қажет болды. Сол уақытта қызметкерлер итті арнайы панажайға беру мәселесін шешіп жатты. Біз иттің белсенді әрекет ету сәтін ескермей қалдық, бұл оның тұншығуына әкелді. Бұл жазатайым жағдай болды, – делінген хабарламада.

Демалыс базасының қызметкерлері жануардың өлімі үшін жауапкершіліктен бас тартпайтынын да атап өтті.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта болған жағдайдың мән-жайы анықталуда. Мекеме әкімшілігінің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес шаралар қабылданады, - деді құқық қорғаушылар.

Айта кетейік, Қазақстанда "жануарларға қатыгездік таныту, олардың өліміне әкелу" бойынша ҚК-нің 316-бабы бар. Мұндай әрекет жасағандар айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылады.

Өзгелердің жаңалығы